Дұрыс дамуды көздеген кез келген мемлекет ішкі көші-қон мәселесін реттеуге ұмтылады. Себебі ауылдан қалаға халық ағылған сайын экономиканың түрлі салаларына салмақ түсіп, өңірлер арасындағы айырмашылық ұлғая түседі. Бақылаусыз кеткен ішкі миграцияның қандай қатері бар екенін Алматы мен өзге қалаларда болған дүрбелең анық байқатты. Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда урбанизация жүйесіз қалыптасып келе жатқаны бұдан бұрын Шаңырақ пен Бақай оқиғасынан байқалған. Бірақ урбанизацияны бақылау мүмкін бе?
Әлем елдерінен сабақ алдық па?
Үкімет елдегі кез келген мемлекеттік бағдарламаны қолға алғанда әлемдік тәжірибеге сүйенеді. Әйткенмен шетелге турист ретінде де, іс-сапарлатып та жиі жол жүретін шенділер көші-қон мәселесіне келгенде шетелдік мысалға көз жұма қараған секілді. Әйтпесе әлемнің әдемі қалаларына табаны талай рет тиген үкіметтің адамдары сол елдің тыныс-тіршілігін бізден жақсы білмесе, кем білмейтіні рас.
Мәселен, Бразилияның ірі қалаларындағы шет аймақтар қазір қылмыстың ордасына айналған. Кедейлер мен бандиттер тұратын қараңғы жерлерді олар өз тілінде «фавелалар» деп атайды. Бұл фавела бір күнде пайда болған жоқ. Елдегі урбандалу жүйесіздігінің «жемісі». Бүгінде полиция мен әскерилердің өзі фавелаларға арнайы операция аясында бронды көлікпен ғана кіретін жағдайға жетіп отыр. Рио-де-Жанейродағы Шападау, Сан-Паула фавеласына кірген бөтен адамның аман шығуы қиын. Жаңа Гвинеядағы жағдай да Бразилиямен бірдей. Бұл елдегі ірі қалалардың іргесінде де негізінен тұрақты табыс таппайтындар тұрады. Елдегі халықтың біразы молшылықта өмір сүрсе, көшіп келушілердің көбісі кедейшілікте күндерін әрең көріп жүргендер. Ал әлемдегі ең танымал қала Гонконг екі жыл бұрын Париж және Сингапурмен бірге әлемдегі ең қымбат қалалардың рейтингіне кірді. Бірақ сәулеті келіскен қымбат қаланың шетіндегі Монгкок ауданы мегаполистің екінші қырын көрсетеді. Монгкоктың көпқабатты ескі ғимараттарында ондаған мың гонконгтықтар өмір сүріп жатыр. Үй деп айтылғанымен, тұрғындар кәдімгі темір тор және плацкарт вагонындағы сөре өлшеміндегі бөлмелерде, табыт үйлерде тұрады. Өйткені қалада тұрғын үйді жалдау құны шарықтап кеткен. Ал қаланың жеті жарым миллион тұрғыны пәтер сатып алмақ түгілі лайықты тұрғын үйді жалға да ала алмайды. Статистикаға сенсек, қазір мегаполисте 250 мың халық кедейлік шегінде өмір сүреді.
Халықтың жайынан хабары жоқ
Әлем елдеріндегі жағдайға күлетін жайымыз жоқ. Өйткені дәл қазір біздегі Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді халық саны көп орталық қалалардың айналасында толық бақыланбайтын «шет аймақтар» көбейіп келеді. Қалталылар көшіп келушілерге арнап бір бөлмелі жатақтар салып, ай сайын пәтерақысын алады. Үй дегені болмаса, олардың көбінде адам өміріне қолайлы жағдай жоқ. Елорданың шынайы әлеуметтік бейнесін көру үшін Есілдің оң жағалауына бару жеткілікті. Әсіресе, вокзал маңы, базарлардың айналасы халықтың шынайы тұрмысын көрсетеді. Ал ару қала Алматыдан арман іздеп барғандардың дені орталықтың өзінде емес, шет жақтардағы аудан мен ауылдарда, қала берді Алтын Орда секілді базар маңындағы жатақтарда тұрып жатыр.
Алматыға осыдан бес жыл бұрын көшіп келген Алмагүл Ізбасарова мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал отағасының таңнан кешке дейін жолаушы тасымалдап тапқан ақшасы күнделікті асына жұмсалады. «Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Бірақ өз салам бойынша жұмысқа тұра алмадым. Қазір қаланың сыртында тұрып жатқандықтан, үш баламды апаратын жақын жерде балабақша жоқ, аялдама алыс. Жолдасым таңертең ерте кетіп, кеш келеді. Бұлай өмір сүрген ешкімге ұнамайды ғой. Ауылда жолдасыма жұмыс жоқ. Оның үстіне қатарымыздан қалмай, балаларымыздың болашағы үшін қаладан жер алып, үй салғымыз келді. Бірақ жалғыз жолдасымның тапқаны ай сайынғы пәтерақы мен тамақтан артылмайды», – дейді Алмагүл Ізбасарова. Алмагүл секілді алып қалаға арман іздеп келгендер көп. Көші-қон полициясының дерегінше, 2015 жылдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді қалаларға көшіп келгендердің саны анағұрлым өскен. Мысалы, былтыр Нұр-Сұлтанға көшіп келгендер саны – 25 086 адам. Екінші орында Алматы, мегаполиске 24 351 адам қоныстанған. Ал Шымкентке биыл 9 459, Маңғыстау облысына 238 адам көшіп келген. Алматы қаласы бойынша Жұмыспен қамту орталығына былтыр 45 мыңнан астам адам жүгінген. Оның 27 мыңнан астамына орталық тұрақты жұмыс орындарын табуға көмектессе, 10 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа ғана орналастырылған. Демек, мегаполиске қоныстанушылар көбейген сайын жұмыссыздық та өсе түседі деген сөз.
Жүйелілік жетіспейді
Деректерге сүйенсек, қазір халықтың 60 пайызы қалада, 40 пайызы ауылда тұрады. Ауылда тұратын 40 пайыз халықтың көбі егде жастағылар, яғни 40-50 жастан асқандар. Ал қала тұрғындарының көп бөлігі жастар. Мамандардың болжауынша 2050 жылдарға таман халықтың 80 пайызы қалада тұрады. Бір сөзбен айтқанда, урбандалу үрдісінен қашып құтыла алмаймыз.
Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов урбандалудың негізгі себебін адамдардың жақсы өмір сүруге ұмтылысы, өмір сапасын арттырғысы келуімен байланыстырады. Айтуынша, өмір сапасының жақсаруы жұмыс, денсаулық, білім беру мен бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындардың болуынан басталады. Одан басқа қауіпсіздік, адамның қоршаған ортасы, яғни араласатын дос-жарандары болу керек. Осы айтылғандар қандай жерде жақсы дамыса, адам сол жерге ағылады. Ауылды жерлерге саябақ орнатып, балабақшалар мен хауыздар салып, спорт секцияларын жасап беріп, бірақ жұмыс болмаса жұрт жұмыс іздеп бәрібір қалаға кетеді. Өйткені жұмыс болмаса табыс болмайды. Саябақ пен кинотеатрға баратын адамда қаражат болмаса, ол жердің барлығы қаңырап тұрады. Осы себептен де халықтың жартысы Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент, Атырау мен Ақтөбе, Қарағандыға көшеді. Осы алты қалада адамдардың шоғырлануы жиіленіп барады. Бірақ соңғы уақытта тағы бір үрдіс бар. Ол – қалалықтардың шетелдерге кетуі. Өйткені медицина мен білім сапасына көңілі толмайтындар, өзі мен ұрпағы үшін ары қарай дамитын жер іздейтіндер көбейіп келеді.
Урбандалудың бірден-бір себебі – жұмыс пен алатын қызметтердің сапасы. Осылай деген әлеуметтанушы «халық орталыққа қала болғаны үшін ғана көшпейді» деп отыр. «Әлемдік тенденцияға қарайтын болсақ, урбандалу барлық елде жүріп жатыр. Кейбір елдерде қалалану процесі жақсы, екінші елдерде нашар жүреді. Мысалы, Латын Америкасы мен Африка елдеріндегі орталық қалалардың шет аймақтарында қылмыс көп. Қазір бізде де елорда деп келген қоныс аударушылар үшін орталықтағы пәтерлер қымбат, сол үшін Нұр-Сұлтанның айналасындағы Қосшы, Қоянды мен Малиновка секілді жерлерге қоныстанады. Сөйтіп ол жерде әлеуметтік проблемалар басталады. Латын Америкасы елдерінде де дәл осылай басталған. Үлкен қалалардың шет жағына қоныс тепкен әлеуметтік осал топтар, маргиналдардың тұрақты жұмысы, не табысы жоқ болғандықтан қылмыспен айналысуға жақын бола бастады. Сондықтан урбандалу үрдісін дұрыс реттемесе, билік пен қоғамның арасында үлкен проблема туындауы мүмкін. Бұл проблеманың басын кешегі оқиғадан көріп отырмыз», – дейді Ілияс Тілеубергенов.
Қайтпек керек?
«Еңбек» бағдарламасы бойынша халықты түстіктен теріскейге, «Серпін» бағдарламасы арқылы студенттерді оңтүстіктен солтүстіктегі оқу орындарына көшіру жоспарланды. Бірақ бағдарлама өз нәтижесін бермеді. Өйткені бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыру тетіктері болмады. Шенеуніктердің салғырт-салақтығы тағы бар. Оған жұмыстың жоқтығы мен ауа райының қолайсыздығын қосыңыз. Бір қызығы, Солтүстік Қазақстан облысында халық саны азайып жатса, Петропавл қаласының халқы өсіп келеді. Бұл да халықтың ауылдан қалаға көшіп жатқанын ғана көрсетеді.
Сол үшін Үкімет қандай да бір бағдарлама қабылдамас бұрын жергілікті жердің халқынан не үшін кетіп жатқанын, ал көшіп келіп жатқандардан не жасап беруге болатынын сұрап білуден бастағаны жөн екенін айтты сарапшы. «Мемлекет жұмыс бермейді. Осыны халық пен Үкімет түсіну керек. Жұмысты кәсіпкер береді. Үкімет кәсіпкерге жағдай жасайды. Үкімет кәсіпкерлерді халықтың ең негізгі дамушы тетігі ретінде қарастырып, барлық жағдайды жасайтын болса, кәсіпкер өзі-ақ келетін жұмыскерлерге барлық жағдайды жасайды. Қазіргі жағдайда Үкімет кәсіпкерлерге субсидия береді де «Қоластыңа оңтүстіктен келген адамдарды жұмысқа ал, мен сендерге жол мен су тартып беремін» дейді. Бірақ ол жерде кәсіптің көзі бар ма, бұған Үкімет басын ауыртпайды. Бұл қате. Кәсіпкерлер қай жерден кәсіп ашқысы келеді, қанша адам қажет, жұмысшыларды ұстап тұру үшін не керек екенін біліп, Үкімет соған қарай әрекет етуі тиіс», – дейді әлеуметтанушы.
Көріп отырғандай, митингке шыққандардың шырылы қазіргі көші-қон үдерісінің шынайы кейпін тағы көрсетті. Тұрақты табыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген адамның бойында протестік ой қоғамдағы шешімін таппаған мәселе мен әділетсіздіктен туындайтынын түсінетін уақыт жетті. Қарны тоқ, киімі бүтін адамның өзі іштей билікке наразы болуы мүмкін. Бірақ алаңға ашынған, көбінесе шегінерге жері жоқ, жоғалтатын ештеңесі жоқ адамдар шығады. Билік алаңға шығатын адамдарды азайтып, жат ағымның жетегінде кететіндерді жүгендеу үшін де ашынған адамдардың пікіріне құлақ түргені керек-ақ.