Бүліктің былығын сақтандыру компаниясы төлей ме?
Бүліктің былығын сақтандыру компаниясы төлей ме?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
894
оқылды
Өткен аптадағы оқиғалар же­лісінде еліміздегі сақтан­дыру нарығын бағалаудың орайы әдемі келіп тұр. Алма­тыдағы және тағы да басқа қалалардағы тәртіпсіздіктер кезінде көптеген дүкен, мейрамхана, ғимарат пен тұтастай кешен, сон­дай-ақ автокөлік талқандалып, тоналып, тіпті өртеніп кетті. Ендеше осынау жаппай тәртіпсіздіктерден кейін сақтандыру ақшасына үміт артуға бола ма?   Еліміздің сақтандыру секторында 27 компания бар. Соның ішінде 9-ы адам өмірін сақтан­дыратын болса (АӨСК), қалған 18-і жалпы сақтандырумен айналысады. Биыл 1 қазанда Ұлттық банк таратқан мәлімет бойынша, бұл ұйымдардың жалпы активі 1,72 трлн теңге құраған екен. Бұл жыл басынан бері осынау соманың 15,6%-ға артқанын көрсетеді. СК-лар негізінен ақшасын бағалы қағаздарға салып өсіретінін ескерсек, бұл өсімде сол инвестицияның үлесі басым. «Активтердің 72,2%-ы, яғни 1,24 трлн теңгесін бағалы қағаздар құрайды, екінші деңгейлі банктердегі ақша құралдары мен салымдар – 197 млрд теңге немесе 11,5%. Дебиторлық сақтандыру қарыз­дары 59 млрд теңге немесе 3,4%. Жалпы, активтердің ішінде компа­ниялардың өздерінің жеке капиталы – 721 млрд теңге. Жалпы, еліміздің сақтандыру нарығында қатысушылар санаулы болса да, соңғы 3 жылдық межеде қаржылай активтерінде өсім бар екені аңғарылады. Бірақ елімізде таяуда өткен оқиғалар бұл көрсет­кіштерге теріс әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Өмірін сақтандырғандарға өтемақы төлеуге дайын

Елімізде сақтандыру компаниялары өмірі сақтандырылған қызметкерлер мен жұмысшыларға өтемақы төлеуге дайын. Олар елімізде сақтандыру жағдайы туындап отырғаны туралы сақтану­шыларға хабарлап жатыр. Маман­дардың айтуынша, «Жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру туралы» заңға сәйкес, әрбір жұмыс беруші өз қызметкерін сақтандыру туралы келісім-шарт жасасуы міндетті. Оның аясында жазатайым жағдай бола қалған кезде адам өмірін сақтандыру компаниясы екі жағдайда өтемақы төлейді. Біріншісі – кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан кезде және екіншісі – қаза тапқан кезде. Мүгедек боп қалған адамға өтемақымен қоса, заң аясында дәрілік шығындары да өтеледі екен. Ал қаза тапқан адамды жерлеуге 100 АЕК көлемінде ақша беріледі. «Бұл трагедия әрбір қазақстан­дықтың өмірінде із қалдырып кетті. Біз аласапыранда елді аман алып қалу үшін өмірін қатерге тіккен жерлестерімізді қайғыра еске алатын боламыз. Террористер мен бұзақылардың қолынан қаза тапқан қызметкерлер қысқа мер­зімнің ішінде тиісті өтемақыларын алатын болады. Ол үшін заңды негіз туындап отыр, ендігі жерде құжаттарыңызбен тиісті ұйымдарға хабарласуларыңызды сұраймыз», – дейді  Freedom Finance Life АӨСК Басқарма төрағасы Азамат Ердесов.

Өтемақы алу қиын жол

Елімізде автосақтандыру әуелден-ақ міндетті екені белгілі. Өйткені автокөлік қозғалыс құралы ғана емес, сонымен қатар қауіптің де көзі. Ал одан өзге жылжымайтын мүліктер мен дүниелерді, тіпті адам өмірін сақтандыру ерікті түрде жүзеге асырылады. Мамандардың айтуынша, әдетте жүргізілетін автокөлікті міндетті сақтандыру (ОСАГО) тек қана жол-көлік оқиғаларына арналған. Ол жаппай тәртіпсіздіктер кезіне жүрмейді екен. «Айдап қашу, өрт деген секілді әрекеттерге КАСКО сақтандыру жүйесі қарастырылған. Онда да келісімшартта форс-мажор жағ­дайлар көрсетілуге тиіс. Оған міндетті түрде табиғи апаттар кіргенімен, арнайы көрсетілмесе жаппай тәртіп­сіздіктер оған жатпауы мүмкін. Өйткені қылмыскерлер көлікті айдап қашқан жоқ, сосын ол өздігінен өртеніп кеткен жоқ қой. Тұрған машинаға сырттан біреулер зақым келтірді. Сондықтан сақтандыру ком­пания­сы өтемақы төлеуден бас тартып, тіпті соттасуға дайындала бастайды деп ойлаймын. Өйткені барлығына өтемақы төлейтін болса, сақтандыру компаниялары банкротқа ұшырауы мүмкін. Автомобиль иелерінен бөлек оларға енді талқандалған нысандардың да иелері хабарласа бастайтын болады», – дейді автосарапшы Алексей Алексеев. Маманның айтуынша, Қазақ­станда КАСКО сақтандыру жүйесін өздігінен сатып алатын жүргізу­шілердің саны өте аз. Өйткені онда шын төленетін оқиғалардың тізімі өте қысқа. Сондықтан да оны көп ретте автосалоннан жаңа көлік сатып алған кезде дилерлік орталықтар береді. Елімізде жаңа көліктердің 75%-ы несиеге рәсім­делетінін ескерсек, олардың сақтандыруға не үшін жүгінетінін түсінуге болады. Ақшасы толық төленбеген көлікті сақтандыруды несие беруші банктер талап етсе керек. Олар бір жағы өздерінің сақтандыру қызметін тықпалай­тыны белгілі. Сол арқылы қосымша табыс тауып отыр. Ал жеме-жемге келгенде көлік иесінің алдынан форс-мажор мәселесі шығады. Мұндай практиканы жылжымайтын мүлікке қатысты байқауға болады екен. «Сақтандыру компаниялары көп ретте азаматтардың сауатсыз­дығын пайдаланып, келісім құжатына қосымша шарттарды қосып қояды. Кейін бұл шарттар өтемақы төлеуден бас тартуға немесе соманы азайтуға негіз болуы мүмкін. Олар сақтан­дыруға жатпайтын жағдай, сақтандырудан тыс жағдай, келісімшарттарының бұзылуы, франшиза, қағазбастылық және тағы басқалар. Осындай жағдайлар осы уақытқа дейін жиі болып тұратын. Енді олар осылардың ішінде сақтандырудан тыс жағдай нұсқасын көп пайдалануы мүмкін. Өйткені көптеген типтік шарттарда арнайы көрсетілген бірқатар жағдайда өтемақы төленбейді деп жазылады. Олардың ішінде әскери қимылдар, террорлық акттер, азаматтық соғыстар, халық толқулары, көтеріліс, бас көтеру, бүлік, жаппай тәртіпсіздіктер мен шерулер бар», – дейді заңгер Динара Жұбатова. Мамандар мұндай жағдайдың соңы соттасу деректерінің көбеюіне апарып соқтыруы мүмкін екенін айтады. Ол үшін азаматтар мемлекеттің көмегіне жүгінуі қажет. Ал мемлекет өз тарапынан нақты қадамдарға барып, сақтандыру компания­ларының жанынан арнайы комиссиялар құрып, сақтандыру омбудсмендері мен сарапшыларды тартуы керек. Елімізде «қаңтар оқиғасынан» тек бизнеске келген шығынның сомасы 100 миллиард теңгеден асып кеткенін ескерсек, бұл шығынға кәсіпкерлер кез келген мүмкіндіктен өтем іздейтіні анық. «Атамекен» ұлттық палатасының есептеп шығарып отырған бұл қисаптың ішіне жеке азаматтар мен мемлекеттік мекемелердің шығыны кіре ме? Ол енді басы ашық сұрақ...