Қарулы Күштерді қайта құру
Қарулы Күштерді қайта құру
435
оқылды
Қаңтардың басында елдің біраз аумақтарын шарпыған дүрбелең Қазақстанның қор­ғаныс, қауіпсіздік саласына түбегейлі реформалар қажет екенін көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік ор­гандары мен Қарулы Күш­тердің жұмысын қайта құру керек екенін айтқан еді. Сөйтіп, қауіпсіздікті нығайту мен  қауіп-қатердің алдын алу үшін  шұғыл шаралар жүзеге асырылатын болды. Онсыз түрлі сын-қатерлердің алдын алу қиынға соғады. Әдетте Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау  органдарының жұмысы ашық болмайды. Оларды қо­ғамның бақылауы да қиын. Бәлкім содан да шығар,  жуырда болған  бүлік кезінде  полиция,  арнайы жасақ, ҰҚК күштерінің жұмысы ақсағаны байқалды. Демек, күштік құрылымдарды рефор­малау өмір талабына айналды деген сөз. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөйлеген сөзінде армия, ұлттық қауіпсіздік  және құқық қорғау органдары жұмысын қайта қарап,  түбегейлі өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті.

Президент назардан тыс қалдырмаған мәселе еді

Жалпы, Президент Қ.Тоқаев Қарулы Күштердегі әскери-көлік авиациясы пар­кін жаңарту, барлау-шабуылдау топтары­ның санын арттыру, кибер және ақпарат­тық қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың жұмысын жетілдіру мәселесін біраздан бері айтып жүр. Қорғаныс саласы маман­дарымен өткізген әр кездесуінде бұл мәсе­ле­лерді назарынан тыс қалдырған емес. Тіпті, заманауи сын-қатерлерге жауап бе­ретін жаңа әскери доктрина жобасын әзір­леуді де тапсырған. Былтыр қыркүйек­те Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен. Тұжы­рым­дамада қамтылған мәселелер Прези­дент­тің жуырда Мәжілісте берген тапсыр­маларымен үндесетіні рас. Айталық, онда елдің орасан зор аумағын және шекара­лардың ұзақтығын ескере отырып, әскери-көлік авиациясының күштері мен құрал­дарын жетілдіру арқылы әскерлердің мо­бильділігін арттыру шаралары қарасты­рылған. Сондай-ақ арнайы операцияларды орындайтын күштерді дамытуға баса мән берілген. «Қос мақсаттағы», яғни соғыс және бейбіт уақытта, соның ішінде тө­тенше жағдайлардың салдарын жою үшін қолданылатын компоненттерді дамыту жоспарланған. Жауынгерлік әзірлікті арт­тыру, әскери бөлімдердің оңтайлы ор­на­ласуын, әскери инфрақұрылымның қа­лыптасуын, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті инфрақұрылымы бар кешенді әс­кери базаларды құруға біртіндеп көшу жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, құжат тәп-тәуір. Алайда әскерилер мен өзге де күш құрылымдарының жетекшілері қауіп-қатердің аяқ астынан пайда болуы ықти­мал екенін ескермеді. Армия мен ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары қызметін ұдайы жетілдіріп отыру қажет екенін естен шығарып алды. Әрі күш құрылымдарының әскери даярлығын, техникалық жабдық­талуын жетілдіруге асықпады. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласына жауапты тұлғалармен әр кездесуінде әске­ри-көлік авиациясының аздығы жайлы ұдайы айтумен болды. Алайда біздің бі­луімізше соңғы екі жылда Қазақстан Қару­лы Күштеріне жаңадан бірде-бір әскери-көлік ұшағы қосылған жоқ. Рас, 2024 жылға қарай Airbus A400M әскери-көлік ұшағын сатып алатынымыз жайлы мәлі­мет­тер бар. Бірақ оған дейін әлі екі жыл күтеміз. Ал Қазақстан Қарулы Күштерін­дегі барлық әскери ұшақтардың тек 7,2 пайызы ғана көлік авиациясына тиеселі екен. Glоbal Fire Power сайты оқу-жаттығу ұшақтарының үлесі 10,5 пайыз екенін алға тартады. Яғни, әскери көлік авиациясы үшін 17 ұшақ қолданып жүрсек, оқу-жат­тығу үшін 25 ұшақ пайдаланамыз. Де­генмен шетелдік сарапшылар Қазақстан­ның күш құрылымдарында 76 тікұшақ бар екенін айтады. Олар әмбебап тікұшақтар қатарына кіретіндіктен әскери-көлік авиа­циясы құрамына қосуға болады. Алайда күш құрылымдары басшыларының Пре­зидент тапсырмасын орындауға асыға қой­мағаны, тіпті Қорғаныс пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасындағы сөзбұйданың салдарынан әскери техниканы дер кезінде жаңартып, қатарын толықтырып отыру кідірген сы­ңайлы. Тіпті, былтыр күзде төтенше оқи­ғалар кезінде жаяу әскер мен десантшы­лардың бірден-бір тірек етер техникасына айналуы тиіс бронды автомобильдерге қатысты БАҚ-та шу шыққан. Әскерилер отандық «Барыс 8х8» көлігін жақтырма­ғаны, ал көлікті құрастырушылар түрлі тәсілдермен Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қысым жасауға ұмтылғаны байқалған. Сөйте тұра әскерилердің «Қазақстан инжиниринг» холдингіне қа­расты зауыттарға да қырын қарап, тап­сырыс алмағаны, ал жасалған өнімді қабылдауға асықпағаны жайлы да БАҚ-та талай дау болды. Біздің пайымдауымызша, бұл да ел қауіпсіздігін нығайтуға кедергі келтіргені сөзсіз. Қарулы Күштер Оны айтасыз, ҰҚК-нің Шекара қыз­ме­тінің де тікұшақтары жиі апатқа ұшы­рап, шекарада контрабандашылардың ұс­та­лып жататынына ет үйреніп кетті. ҰҚК офицерлері әдеттегідей әскери құ­пияға теңеп, құрылымдағы кемшіліктерді айта қоймайды. Тіпті, қоғам шекара әс­кер­лерінің нақты санын да білмейді. Ал шетел медиасы кейде Қазақстанның ішкі құпиясы саналатын деректерді жариялап тұратыны бар. Айталық, 2007 және 2014 жылдары ресейлік БАҚ Қазақстанның шекара әскерінің жеке құрамы 12-15 мың арасында екенін жариялады. Ал біз ресми құжаттар негізінде еліміздің теріскейіндегі 5 облысының орталығында «шекараның стратегиялық маңызды нүктелерін жабуға міндетті» армия бөлімшелерінің жоқ еке­нін анықтадық. Теріскейде Шекара қыз­меті мен Ұлттық ұлан бөлімшелері ғана ор­на­ласқан. Яғни, қажет кезінде іске қо­суға болатын әскери бөлімдер аз. Сон­дықтан Президент тапсырмасын орындау барысында күш құрылымдары басшылары осындай жайттарды ескеруі тиіс деген ойдамыз.

Барлаушылар «ұйықтап» қалды

Әдетте күш құрылымдарының «көзі, құлағы һәм тілі» ретінде барлаушыларды немесе агентуралық желіні айтады. Өкі­нішке қарай, ҰҚК-дан бастап бірқатар күш құрылымдарында барлау, дерек жинау желілері баяғыда-ақ істен шыққанына куә болдық. Ел ішінде көптеген содырлардың жиналып, түрлі деңгейдегі даярлықтан өткенін ҰҚК шенділері жасырғанның өзінде, ІІМ мамандары аңғаруы тиіс еді. Олай болмай шықты. Біздің пайым­дауы­мызша қыл­мыстық, маргиналдық топтарға «өз адам­дарын» енгізу «дәстүрін» поли­цейлер ұмыта бастаған сыңайлы. Соның кесі­рінен бүлікшілердің бастапқы кезде еркін қимылдауына мүмкіндік туды. Дүр­белеңнің алдын алу мүмкін. Тіпті, күш құрылымдарындағы агентура бүлікші­лерге көмектескендей әсер қалдырғаны бар. Қалаларда әкімдіктерге бір топ шабуыл­даса, келесі топ әскери бөлім­дер­ге, соның ішінде ҰҚК-нің қару-жарақ сақтайтын арнайы бөлімдеріне шабуыл ұйымдас­тырды. Сондықтан алдағы уа­қытта күш құрылымдарында осынау ба­ғыттағы жұмыстар да қайта қаралуы тиіс. Оны Президент те атап өтті.

Армияда бұйрық талқыланатын болған ба?

Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашатынын айтты. «Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудыр­майды және Отанға қызмет етудің белгісі санал­майтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған аза­маттардың саналы таңдауы. Жастары­мызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы. Сөйтіп армия мен құқық қорғау саласында қызмет етудің маңызын айта келе, тұтас қоғамда белгілі бір стереотиптің қалыптасқанын да тұспалдағандай болды. Ол – әскери билет құнының түсуі. Президент айтқан­дай, әскери билетке ие болу мақтаныш болмаумен қатар, құжат ретінде оны қолға түсірудің түрлі жолы бар екені де жасырын емес. Әскери кафедралар, ақысын төлеп қысқа мерзімдік әскери жиынға қатысу тәрізді заңды жолдармен-ақ әскери би­летке ие болу мүмкіндігі бар. Одан бөлек армияда да «демократия» пайда болды. Мәселен, 2021 жылдың 1 желтоқсанында Құрлық әскерлері әскери институтының төртінші курсында білім алып жүрген 210 курсант оқу орнын өз бетінше тастап кет­кен. Өйткені олар факультет бастығының ауысуына нара­зылық танытыпты. Яғни, әскерде бұйрық талқыланатын болды деген сөз. Тағы бір мысал. Былтыр қазан айы­ның басында отандық медиа ресурс­тардың біріне бір топ офицер анонимді ақпарат берген. Ондағысы «Барыс 8х8» көлігін Қарулы Күштерге қабылдатпаудың амалы. Рас, техника нашар екенін көп маман айтады. Бірақ офицерлердің белгілі бір компа­нияның сөзін сөйлеп, лобби жасауы, ми­­нистрге ықпал етуге тырысуы дұрыс емес. Өйткені армия саяси немесе қаржылық топтардың ойынына арнал­маған құры­лым. Оның миссиясы басқа. Егер офи­церлер шынымен елге жаны ашып, әскер­ге сапасыз техниканың бері­луіне қарсы болса, алдымен Бас штаб бас­тығына, Қорғаныс министріне, проку­ратура мен әскери прокуратураға, тіпті Жоғарғы Бас қолбасшыға да хат жазуына мүмкіндіктері бар еді. Содан соң ғана ме­диаға жүгінуге болар еді. Алайда офицер­леріміз аты-жөндерін айтпастан, бірден медиаға ақпарат берді. Инсайдер қызметін атқар­ды. Ал Қорғаныс министрлігі ондай офицерлерге қатысты қандай шара қолда­нылғаны жайлы «Айқын» редак­циясына мәлімет беруден бас тартты. Яғни, армия мен құқық қорғау орган­да­рындағы «мысық пен тышқан» ойындары ақыр соңында даярлықты төмендетіп, қа­пыда қалуға әкеліп соғып отыр. Әйт­песе қатардағы сарбаздардың даярлығын төмен деуге келмес еді. Армиялық арнау­лы бөлімдер, ҰҚК мен Шекара әскерінің, ІІМ мен Ұлт­тық ұланның арнайы күште­рінің жалпы әскери даярлығы төмен емес. Бір ғана «күрең береттілер» қатарына қо­сылу үшін сарбаз от пен судан өтетіні бар. Бірақ офицерлердің салғырт-са­лақтығы, адал болмауы, тіпті қорқақтығы, басқару жүйе­сіндегі келеңсіздіктер, түрлі күштер ара­сындағы үйлесімнің жоқтығы сын сағатты бір ұйымға мүше одақтас­тардан көмек сұрауға мәжбүрледі. Қысқасы, Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарын тү­бегейлі реформа күтіп тұр. Біздің пайым­дауымызша, мұндай өзгерістерді қысқа мерзімде жасау мүмкін емес. Сондықтан Үкіметтің бастапқы қадамдарын рефор­малардың басы ретінде бағалаған дұрыс. Ал кешенді өзгерістер жүйелі зерттеу, жақсы даярлықтан соң жүзеге асырылады деген пікірдеміз.