Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Каримова бүгін басталған үшінші тоқсанда оқушылар мен студенттер қалай оқитынын айтты.
"Бүгін мектепте үшінші тоқсан басталды, ол 18 наурызға дейін жалғасады. Оқу әртүрлі форматта жүргізіледі. Біздің министрлік мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта оқығанын қолдайды және сол үшін де бар жағдайды жасайды. Дегенмен эпиджағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің 3 қаласында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте оқушылар қашықтан, янғи онлайн форматта оқитын болады. Қазіргі уақытта мектептерді техникалық тұрғыдан қамту жұмысы аяқталып жатыр", — деді Гүлмира Каримова онлайн брифингте.
Оның айтуынша, басқа өңірлерде оқушы саны 600-ден асса, мектептер қашықтан оқуға көшуі тиіс.
"1-2 сынып оқушылары олардың жас ерекшелігін ескере отырып, сабақты мектепке келіп оқиды. 3-5 сынып оқушылары кезекші топ форматында білім алады. Ал қалған сыныптар қашықтан оқуға көшуі тиіс. Сондай-ақ мектепте 600 оқушыдан аз болса, ол мектепке дәстүрлі форматта білім беруге рұқсат беріледі", — деді ол.
Бұған дейін елордада оқушылар 31 қаңтарға дейін қашықтан оқитынын хабарлаған болатынбыз.