Нидерландыда өтіп жатқан турнирдің ширек финалында Рикардо Кака баптайтын футзалшыларымыз Украина құрамасына 3:5 есебімен есе жіберді.
Бірінші таймның 14-минутында Игита қорғаған қақпаға пенальти белгіленіп, Петр Шотурма оны сәтті орындады. Үзілістен кейін шығыс еуропалықтар тағы екі гол соғып кетті. 24-минутта Игорь Корсун, 29-минутта Михаил Зварич көзге түсті.
Кездесудің 33 минутында Дуглас есеп айырмасын қысқартқан. Тіпті матчтың аяқталуына екі минут қалғанда Біржан Оразов еуродағы кезекті голын соқты. Үміт оты қайта жана бастағанда украиналық ойыншылар тағы да қателігімізді пайдаланып кетті. Бұл ретте Қазақстан құрамасы паркетке қақпашы Игитаның орнына бесінші ойыншыны шығарғанын айта кеткен жөн. Соған қарамастан, кездесу соңына дейін намысқа тырысқан қазақ командасы кезекті голын салды. Ойынның аяқталуына 44 секунд қалғанда Біржан Оразов дубль авторы атанды. Қорытынды есеп – 3:5.
Осылайша Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын орта жолда аяқтады. Ал жеңіске жеткен Украина құрамасы жартылай финалда Ресей не Грузия құрамасының бірімен кездеседі.