Танымал әншіЖазира Байырбекова өмірінің қиын кезеңдерін еске алды. Айтуынша, Жанболат екеуінің күнкөрісіне ақша жетпей, күнелтіп жүргенде тамақ ұрлап жеген кезі де болған.
– Құдайға шүкір, қазір бізді ел-жұрт таниды, біледі. Жағдайымыз да жаман емес. Осы жағдайға жету үшін еңбектендік, қиналдық. Бір сөзбен айтқанда, аяғымыз аспаннан салбырап түскен жоқ. Жанболат екеуміз тау жақтан алма теріп, бірнеше күн бойы тек сонымен күнелткенбіз, – дейді Жазира Байырбекова.
Айтуынша, ол кезде әнші ұлы Қазбекке жүкті болған. Ал Жанболат студенттер сарайында жұмыс істеген. Оған қоса, Жанболатқа бірнеше ай бойы жалақы берілмей, кешіктірілген. Сол уақытта күнелту қиындай түскен.
– Орыс кемпірдің бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Ол картоп қуырған сайын иісі бүкіл үйді алып, мұрынды жаратын. Бірде тағы картоп қуырды. Сонда үй иесінің далаға шығып кетуін күттім. Ол қалай шықты, асүйге жүгіріп барып, қазаннан 2-3 түйір картоп ұрлап жеп алдым. Осы қылығымды еске алған сайын, ұялып кетемін. Бірақ сол күні Жанболат бір бөлке нан мен қарбыз әкелгенін көріп, қуанғаным-ай... төбем көкке жеткендей болды, – дейді әнші.
Қазір елге танымал ерлі-зайыптының ханның сарайындай баспанасы ғана емес, бірнеше сұлулық салоны да бар.