Қазақстанның мемлекеттік рәміздері егемендік алған сәтте бірден пайда бола кеткен жоқ. Кеңестің атрибуттарынан арылып, тәуелсіз елдің нышандарын жасау үшін терең білімнен басқа, сергек сана мен сезімтал түйсік керек. Одан бөлек, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ашып көрсете алатын ұлттық ерекшеліктерді сомдау оңай шаруа емес. Міне, осы талаптардың үдесінен шығып, елдіктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне биыл 30 жыл, ал Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков 80 жасқа толып отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәулетшіні құттықтап, I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Қырық жылдан соң елге оралды
Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков Қызылорда облысының алыстағы Екпінді ауылында 1942 жылдың 24 наурызында теміржолшы отбасында дүние есігін ашты. Болашақ сәулетшінің балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келді. Ерте жасынан анасынан айырылып, жалғыз әкесінің қамқорлығында қалған бала Жандарбек 1949 жылы ауылындағы ескі «шпал мектептің» табалдырығын аттады. Бірақ тозығы жеткен оқу үйінің бұзылуына байланысты 4 сыныпта №166 жеті жылдық мектепке ауысады. Бұл білім ошағында Ресейдің эвакуацияланған аймақтарынан келген жетім балалар көп оқитын. Жеті жылдық мектепті 1956 жылы бітіріп, оқуын одан әрі жалғастыру үшін аудан орталығы Жаңақорғанға ауысты. Ауылдан ұзап шығып көрмеген жеткіншектің өмір жолындағы алғашқы сапары осылай басталып еді.
Аудан орталығында теміржолшы, малшы, сауыншы қауымының балаларына арналып ашылған интернатқа қабылданады. Мұнда 9 сыныпта оқып жүргенде Сыр өзені тасып, Жаңақорған мен Төменарық стансалары арасындағы Жайылма, Бөрітескен разъездерін су шайып кетеді. Сол себепті Ж.Мәлібековтің 9-10 сыныптарды Төменарық ауылындағы білім ошағынан оқуына тура келді.
Мектеп бітірген 1959 жылы Ташкентке оқуға аттанды. Пойызда жолшыбай өзі сияқты өнер-білім қуған бір топ қыз-жігітпен танысады. Сапар барысында жастар әңгіме дүкен құрып, жақын араласып-құраласып кетеді. Бейтаныс шаһарға жеткенімен, мұнда оны күтіп тұрған ағасы жоқ екені о бастан белгілі. Сондықтан ол жаңа таныстарына ілесіп бір өзбектің үйіне келіп түседі. Сапарлас серігінің ағасына өзінің Сурет училищесіне түскісі келетінін айтады. Өйткені кейіпкеріміздің жастайынан сурет салатын қабілеті зор еді.
Екеуі оқу орнына келсе емтихан бітіп, жатақханалардың бөлмелері беріліп қойылған екен. Енді не істерін білмей аңтарылып тұрғанда әлгі жігіт «егер оқуға түскің келсе, біздің политехникалық институтта құрылыс-сәулет факультеті бар, құжатыңды тапсыр», – дейді. Сөйтіп Жандарбек Мәлібеков Ташкент политехникалық институтына қабылданды.
Соғыс аяқталғанына біршама өткенімен, халық шаруашылығы әлі түзеліп кете қоймаған ол замандарда білім алу оңай болмаған. Себебі сол кездің заңы бойынша студенттер күндіз құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, тек кешкі жетіден кейін ғана институт партасына отырған. Еңбек пен оқуды қатар ұштастыра жүріп, оқуын да аяқтайды. Диплом алғаннан соң Алматыға бірден қайтып кетпек болған. Бірақ өзбек билігі оқудан кейін үш жыл сонда жұмыс істеуді шарт етіп қояды. Кейіпкеріміз дәл сол сәтте табандатқан 40 жыл бойы Өзбекстанда тұрақтап қаламын деп ойламаса керек.
Осы жылдар ішінде Ж.Мәлібеков талай қызметті абыройлы атқарып, жетістік биіктерінен көрінді. Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Нүкіс секілді қалаларының сәулет тұрғысынан дамуына көп үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл еңбектері елеусіз қалмады, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі атанды.
Елтаңба елдің арманын айшықтайды
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік рәміздерге халықаралық байқау жарияланады. Шет жерде жүріп, туған елді әбден сағынған сәулетші өзінің басқа арман-мұраттарының бәрін ысырып тастап, егемен елдің Елтаңбасын сомдауға кіріседі. Сөйтіп, 1992 жылдың 27 наурызында Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдайтын бөліміне бұл да өз жобасын тапсырады.
Құзырлы комиссия Мемлекеттік Елтаңба байқауына түскен 293 жұмыстың ішінен 6-ауын іріктеп алады. Оның ішінде Ж.Мәлібековтің де еңбегі бар-тын. Әрине, жобаны талқылау оңай болған жоқ, таңертеңнен басталған талқылау тек кешке ғана шешім тапты. Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуі жобаның бастапқы нұсқасына біршама өзгертулер де енгізді, бірақ Елтаңбаның өзіндік идеясы сақталып қалды. Ақыр соңында комиссия мүшелері академик Салық Зимановтың, Сұлтан Сартаевтың, жазушы Әбіш Кекілбаевтың қолдауымен Ж.Мәлібеков жобасы таңдап алынады. Сөйтіп, 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес депутаттары 237 дауыспен Елтаңбаның жобасын қабылдады (Мемлекеттік Ту да, Әнұран да сол кезде қабылданған еді – авт.).
«Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің жетекшілігіммен жасалған нұсқа қабылданды. Енді көп ұзамай Қазақстан азаматтығын аламын. Осында түбегейлі көшіп келіп, қалған өмірімді алаңсыз өз еліме арнаймын деген ой келді», – дейді Елтаңба авторы.
Елтаңбада талай ұрпаққа кие қара шаңырақ, яки отау үй, ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосылғанда жол көрсеткен темірқазық жұлдыз бейнеленген. Қазақы үй – Ұлы даланың рәмізіне айналған сәулет туындысы. Киіз үйдің әр бөлігі ұлт дүниетанымын құрап отыр. Ал қарашаңырақ – әлемдік құндылық пен үйлесімге қосқан қазақтың үлесі. Ол туралы сәулетшінің өзі былай дейді:
– Елтаңба идеясының алтын тұғыры – шаңырақ. Неге десеңіз, киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болды. Сол заманнан Ұлы дала елінде өмір кешкен түркі халықтары өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан, терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi – терең философияның жемiсi. Бұл тұрғыда киiз үй – шын мәнiнде әлi де толық зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi, үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Расында киіз үй баспана ғана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын, дәстүр-дағдысын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – деп ашыла сөйледі Ж.Мәлібеков.
Сөйтіп, 6 маусым күні Абай атындағы Опера және балет театрында мемлекеттік рәміздердің тұсаукесері өткізіліп, Ж.Мәлібековке ресми түрде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы» деген Президенттің қолы қойылған «Биік мәртебелі куәлік» табысталды.
– Мен Алланың бұйырумен, Елбасының қолдауымен ел тарихындағы ең маңызды шара – мемлекеттік рәмізді даярлауға қатыстым. Мемлекеттік белгі немесе таңба – елдің арманы, ойы, философиясы, тұжырымдамасы, қағидаты. Сондықтан Елтаңбаның бірден-бір авторымын дей алмаймын. Оның иесі де, киесі де – халық. Оның демеушісі де, дем берушісі де – халық. Мен – сол халықтың бір баласымын. Ел мүддесін айқындайтын бейнелерді санамда жаңғыртқан Жаратқанға мың алғыс! – деп әңгімесін тыянақтады Жандарбек Мәлібеков.
Кейіннен, 2019 жылы кириллица әліпбиін латын графикасына ауыстыру бойынша Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы QAZAQSTAN-ға өзгертілді, қаріптің жаңа стандарты бекітілді. Ол қаріптің геральдика, көркемдік және қазақы нақыш бойынша рәміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Елтаңба стандартының өзгеруіне байланысты ҚР Президентінің штандартының стандарты да қайта әзірленді. Автор осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, жүйесін баяндайтын «Қазақстан Елтаңбасы» кітабын үш тілде жарыққа шығарды.
Замандастар лебізі
Сәулетшіні замандастары да құрметтейді. Заң ғылымдарының докторы, профессор, Бақытжан Әбдірайымов сәулетшінің ерекше бір қасиетін бағалайтынын айтқаны бар. Жандарбек Мәлібеков – еңбегін бұлдамайтын жан.
«Жандарбек ағамыз – ерекше азамат. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Жұртым деп жұмылып, елім деп езіліп қызмет жаса» деген сөзі осы кісінің өмірлік принципіне айналғандай. Себебі Жәкең – өте қарапайым адам, өзінің істеп жатқан жұмысын ешкімге насихаттамайды, еңбегін бұлдамайды. Ешқашан өзін өзгеден жоғары ұстамайды. Мүмкін осынша атақтарды алуының да бір себебі сол қарапайымдылығынан шығар. Мемлекетке мұншама еңбек сіңірген, Елтаңба арқылы елдік нышанымызды қалыптастырған Жандарбек Мәлібекұлы қай марапатқа болсын лайық. Тағы бір атап өтерлік жайт, Қазақстан тәуелсіздік алғалы елге 1 миллионнан астам қандастарымыз оралса, солардың ішінде бұл ағамыздың алар орны ерекше», – деген еді Б.Әбдірайымов. Ал ғалым Өмірзақ Озғанбайұлы қоғамның кейде көз алдарында жүрген тұлғаның қадір-қасиетін байқай бермейтінін айтқаны бар.
«Біз кейде жанымыздағы тарихи тұлғаларға көңіл аудармаймыз, күнде көріп жүрген қатардағы адамның бірі деп санаймыз. Шын мәнінде, біздің жанымызда керемет тұлғалар жүр, соның бірі – Жандарбек Мәлібекұлы. Бұл кісі қазақ халқы үшін аса құнды, қымбатты Елтаңбаны жасап шығарды. Бұл Жәкең үшін де, қазақ халқы үшін де үлкен бақыт деп есептеймін. Осы ерен еңбегі үшін республикалық ардагерлер ұйымы ол кісіні қоғамдық ұйымның арнайы медалімен марапаттады», – деген еді Өмірзақ Озғанбайұлы.
Біздің пайымдауымызша сексеннің сеңгіріне шыққан сәулетшінің еңбегін ел білсе керек. Замандастарының да оған деген құрметі бөлек.
Әсем қалаларда да қолтаңбасы бар тұлға
Жандарбек Мәлібеков қырық жылға жуық Өзбекстан Республикасы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек етті. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1982 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байланысты Кеңес Одағы бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағы бойынша өткізілген бірнеше сәулет өнері байқауларының жеңімпазы. Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орталықтарын безендіру мақсатында өткізілген байқауда жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған. Ташкенттегі метроны салу құрылысына қатысып, ІІ дәрежелі сыйлықтың иегері атанған. Ташкенттегі Қазақстанның төрт қабатты елшілік ғимаратының және Қырғыз Республикасы елшілігі ғимаратының жобасын сызған. Ташкентте Төле бидің басына орнатылған мешіт жобасын жасаған. Ал елордаға көшіп келгеннен кейін оның сызбасы бойынша «Нұр Астана» мешіті салынды. Сондай-ақ сәулетшінің жобасы бойынша «Алатау» спорт кешені, «Егемен Қазақстан» газетінің ғимараты, Еуразия университетінің оқу корпусы, қаланың бірқатар шағынаудандарындағы тұрғын үйлер бой көтерді. Қазір Қытайда, Батыс Еуропада біраз жобалары жүзеге асырып жатыр. Яғни, ол өзінің дарынды сәулетші екенін өмір бойы паш етіп келеді.
Әрине, көпшілік сәулетшілердің еңбегін көбіне байқай бермейтіні бар. Жандарбек ағаны да халық тек Елтаңба авторы ретінде таниды. Бірақ әріден толғасақ Орталық Азиядағы ең әдемі шаһарлардың, беріден айтсақ елорданың сәулетінде қолының таңбасы қалған тұлға. Сәулетші ретінде қала құрылысының қазаққа таңсық бағыттарында да еңбек сіңіргені бар. Оған Ташкент метросы құрылысына қатысуы дәлел болса керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сәулетшінің еңбегін елі бағалап келеді. Ол ел дамуына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «I дәрежелі «Барыс» орденімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалімен марапатталды. Қазір ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақсақалдар алқасының мүшесі. Ақсақал үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.