Қазақстан мен Тәжікстан арасында қатынайтын тұрақты әуе рейсі көбейеді. Бұл туралы ИИДМ хабарлады.
«Somon Air тәжік әуекомпаниясы 2022 жылдың 25 сәуірінен бастап Душанбеден Алматы қаласына халықаралық рейстердің санын Б737 типті ұшақпен аптасына 1 рейстен 2 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы 1 мамырдан бастап Душанбе және Алматы қалалары арасындағы рейстер санын аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін және 1 маусымнан А320 үлгісіндегі ұшақпен аптасына 3 рейстен 4 рейске дейін арттырмақ. Осылайша, екі ел арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 6 рейске жетеді» делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін 20 сәуірден бастап Қазақстан мен Иран арасында әуе рейсі қайта ашылғанын хабарлаған болатынбыз.