Америкалық бизнесмен Илон МаскTwitter әлеуметтік желісін 44 миллиард долларға сатып алды. Компанияның директорлар кеңесі оның ұсынысын қабылдаған. BBC агенттігінің хабарлауынша, арадағы келісім аяқталғаннан кейін Twitter жеке компанияға айналады. Акционерлер Twitter-дің әрбір қарапайым акциясы үшін 54,20 доллар алады.
«Мен Twitter-ді бұрынғыдан да жақсартқым келеді. Twitter-де үлкен мүмкіндік бар - мен оны ашу үшін компаниямен және пайдаланушылар қауымдастығымен жұмыс істеуді асыға күтемін, - деді Илон Маск.
Осыдан екі аптадан аз уақыт бұрын Twitter-дің иелеріне компанияны сату туралы ұсыныс жасаған Илон Маск бұл әлеуметтік желінің жүзеге асырылмаған әлеуеті зор екенін және оны өзінің іске асыра алатынын мәлім еткен. Сәуір айында Маск Twitter-дің 9,2% акциясын 2,89 миллиард долларға сатып алып, компанияның ең ірі акционері атанған болатын.
Бір апта бұрын болашағы белгісіз болып көрінген мәміле жайлы талқылаулар өткен аптаның соңында қарқын алды. Маск компания акционерлерін шақырып, олармен мәміленің қаржылық ахуалымен бөлісті.