Жасанды интеллект адамнан ақылды
Жасанды интеллект адамнан ақылды
1,222
оқылды
Робот жасау оңай емес. Бірақ Қазақстанда робототехниканың дамуына күдікпен қарайтындар көп. Осыған орай 30 жасында екі рет ғылым докторы атанып, Жапониядағы Токай университетінде білім алған жас ғалым Азамат Ешмухаметовпен қазақ ғылымының дамуы жайлы әңгімелестік. – Бір жыл Англияда, бес жыл Жапонияда білім алдыңыз. Бүгінге дейін робототехника саласында қандай жобалар жасадыңыз? Қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз? – Ең алғаш гибридті робот жасадым. Бұл жобаның жүзеге асуына 2012 жылы Алматы қаласында көпқабатты үйлердің терезесін жуумен айналысатын альпинистердің қа­засы себеп болды. Қайғылы оқиғадан кейін альпинистердің жұмысын алмас­тыратын, гиб­ритті робот ойлап таптық. Алайда елі­мізде робот-альпинистерге үлкен сұраныс болмады. Сондықтан біз агробот жобасын жүзеге асырдық. Бұл жоба әлі де жалғасып келе жатыр. Алдағы уақытта фермерлерге арналған фармбот құрастырудамыз. Бұл төртбұрышты платформа. Ішінде топырағы бар, кішігірім бақша. Болашақта әрбір үйде осындай фармботтар болады. Өйткені ро­ботқа фермерлік қабілет беріледі. Біз жүзеге асырған үшінші жоба – континуум робот. Бұл роботтың басқалардан айырмашылығы жұмсақ денелігінде. Яғни континуум робот адам бара алмайтын жерлерге кіре алатын мүмкіндікке ие. Мысалы, апат кездерінде құлап қалған үй араларына кіріп жарақат­танғандарды құтқарады, шахталарға да кіре алады. Келешекте осы роботты кіші­рей­тіп, медицина саласына да қолданбақшымыз. Яғни хирургияда бұрынғыдай адамның денесін кеспей-ақ, роботты оның ішіне жі­беру арқылы операция жасауға болады. Ал қазір агроботтың үлкен егістіктерге ар­нал­ған жобасын жасап жатырмыз. Яғни егіс­тік­тердегі арам шөптерді жұлатын, тексе­ретін, паразиттерді өлтіретін дағдыға ие. Біз жа­сан­ды интеллекті қолданып, ро­ботты дамытуды ойлап отырмыз. Сондай-ақ қазір Назарбаев университетінде өзінің салма­ғынан 3-4 есе ауыр заттарды көтере алатын консегрити роботтар жасап жатырмыз. Айталық, біздің лабораторияда Кука есімді дәстүрлі робот бар. Оның салмағы – 15 кг. Бірақ ол тек 1 кг ғана салмақты көтере ала­ды. Ал консегрити роботтың салмағы 3,5 кг, бірақ ол өзінен үш есе ауыр салмақты көтере алады. – Жасаған роботтарыңыз өндірісте қол­данысқа ене ме? – Тек 1-2 механизмін ғана өндіріске енгіздік. Өйткені жасаған роботтардың қол­данысқа енуі үшін қоғамның қызығушылығы болуы керек. Роботты өндіріске жеткізу – өте күрделі процесс. Мысалы, жоғарыда айтқан Кука атты робот 40 жылдан кейін ғана өндіріске енген. Сондықтан ғалымдар­дың робот жасауы, оны зерттеуі ұзақ уа­қытты талап етеді. Айта кету керек, бізде мемлекеттен ғалымдарға бөлінетін гранттар тек 3-5 жылға ғана арналған. Ал санаулы жылда ғылыми жұмысты өндіріске енгізу мүмкін емес. – Роботқа деген қызығушылығыңыз қалай басталды? – Бесінші сыныпта «Джимми Нейтрон – данышпан бала» мультфильмін көрдім. Ал оныншы сыныпта оқып жүргенде «Темір адам» фильміне қызықтым. Негізі робот емес дәл сондай зертхананы армандадым. Ғылым зертханадан басталады. Осы уақытқа дейін қаншама елде болдым. Түсінгенім, қай жерде жақсы зертхана болса, сол жерде нәтижелі зерттеу жүреді. Робот жасау – көп баланың арманы. Мен де осы мақсатқа же­туге ұмтыл­дым. Бірақ робототехника саласын таң­дағанымда әкем қарсы болды. «Қазақстанда робот жасау дамымаған. Кейін қай жерде жұмыс істейсің?» деген күдік барлық адамда бар. Әкем өзі энергетик болғандықтан менің де энергетика саласына барғанымды қалады. Бірақ қазір әкем бұл ойынан айныды. Робототехника барлық саладан жан-жақты білімді қажет етеді. Робот жасау үшін механиканы, энерге­тиканы, электрониканы, программалауды да игеру керек. – Жасанды интеллект осы қарқынмен дами берсе, «Матрица» фильмі шындыққа ай­нала ма? Болашақта роботтардың адам­дар­ды жұмыссыз қалдыруы қаншалықты мүмкін? – Роботтар адамдарды жұмыссыз қал­ды­рады деу – парадокс. Қазір керісінше робот пайда болған сайын жұмыс көбейіп, кейбір ауыр қызметтер жеңілдей бастады. Адамның өміріне қауіпті шахталық, радиа­циялық жұмыстарды роботтар алмасты­ра­тын болады. Ауыр өндірісте жұмыс істейтін адамдар зейнет жасына жете алмайды. Осы мәселе де шешіледі. Ал шығармашылық жұмыс адамзаттікі болып қала береді. Бұған дейін ғалымдар роботтарға Шекспирдің шығармаларын оқытып, пьеса жазғызып көрді. Бірақ ол пьеса құрғақ шықты. Эмо­циясы жоқ робот сезімге толы шығарма жаза алмайды. Сондықтан шығармашылық жұмысты робот алмастырмайды. Өйткені жасанды интеллектте адамдікіндей амбиция жоқ. Ал амбиция болуы үшін роботтарда се­зім болуы керек. Қазір ғалымдар робот­тарға сезім берейік деп жүр. Менің ойымша, роботтарға сезім беруге болмайды. Біз қазір роботтарда адами факторлар болмаған­дықтан емін-еркін пайдаланып жүрміз. Осы айтқандарымыз шындыққа айналып, ро­ботқа сезім мен сана беретін болсақ, «Ма­трица» фильмі шындыққа айналады. Жасанды интеллект адамзат үшін ғылыми-техникалық революцияның келесі кезеңі. Ең бірінші революцияда адамзат отты ойлап тапты. Оттың арқасында адамдар жаумен соғысты, үй салды, металды игерді, электр қозғалтқыштар жасады. Жасанды интел­лектің арқасында біз бір жылда істейтін жұмысымызды бір айда бітіре аламыз. Азамат Ешмұхамет интелект Кодты өзіміз жазамыз. Робот оны орын­дайды. Біз оған код берсек, ол өзінің кодын жасап алатын деңгейге жетті. Қарапайым тілде түсіндірер болсақ, біз оған әліпбиді үйретеміз, сөзді өзі ойлап табады. Жасанды интеллектті қолдаймын. Дегенмен қатаң протоколдар арқылы оған шектеу қажет. Мысалы, жасанды интеллекттің адамға зияны тимеуі керек, ол толық адамның басқаруында болуы қажет. Конституцияда заң қалай жазылса, код та тура солай жа­зылады. Бірақ өкінішке қарай Конститу­ция­ны айналып өтетіндер бар ғой. Сол тә­різді роботтардың ішінде кодты айналып өтетіндері бар. Бірнеше жыл бұрын Facebook желісіндегі жасанды интеллект бағдар­ламасын жауып тастады. Өйткені роботтар өз тілін құрастырып алды. Бұған дейін жа­санды интеллект роботтар бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлесетін. Бір күні бай­қаса, ешкім түсінбейтін тілді ойлап тауып, өзара байланысатын болған. Яғни жасанды интеллект адамнан да ақылды. – Бір сұхбатыңызда «Робототехника алдағы уақытта медицина, қызмет көрсету және қорғаныс саласында қатты дамиды» деп айтыпсыз. Бұл үрдіс жүзеге асып жатыр ма? – Иә, робототехника өмірдің барлық са­ласына араласып жатыр. Көп жағдайда қатерлі ісік белгілерін дәрігерлер МРТ ар­қылы байқамай қалып жатады. Сондықтан бас­тапқы кезден бастап ауыру белгілерін анықтауда робототехника қолданылып жүр. Балалар арасында кездесетін аутизмді анықтауда да роботтар пайдаланылады. Дәрі жасауда дайын рецептерді пайдаланып, оның ішінен ең ұтымды нұсқасын таңдай­тын роботтар бар. Сондай-ақ қазір қорғаныс саласында да роботтар жұмыс істеуде. Жау­дың ауыр машиналары қандай қашықтықта, қанша қару бар екенін көрсетеді. Жасанды интеллект күндіз ғана емес, түнде де бел­сенді барлау жүргізе алады. Бұрын соғыста қай елдің армиясы көп болса, сол жеңетін. Ал қазір жауды кім бірінші байқаса, сол жеңеді. Жасанды интеллект пен жақсы тех­нологияны қолданатын болса, аз жасақпен де жеңіске жетуге болады. – Бірнеше жыл жоғары оқу орындарында шәкірт тәрбиеледіңіз. Қазақ жастарының ро­бототехникаға деген қызығушылығы қандай? – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде бірнеше жыл сабақ бердім. Шәкірттеріммен әлі күнге дейін бірігіп жұмыс істеудемін. Ал қазір Назарбаев университетінің зертханасында дәріс беремін. Қазақ жастарының арасында дарынды ұл-қыздар өте көп. Сондықтан робототехника саласында Қазақстанның әлеуеті жоғары. Егер еліміз ғылыми жоба­ларды жақсы қаржыландыратын болса, бірнеше жылдың ішінде басқа елге жал­тақтамай өзіміз техникалар шығара аламыз. – Жапонияның робототехника саласын­да артықшылықтары қандай? Біз нені үй­ренуіміз керек? – Ең бірінші зертхана мәселесін ше­шуі­міз керек. Гуманитарлық салаларда сту­дент­тер аудиторияда білім алса, ин­женерияда студенттер зертханадан шың­далып шығады. Оларды төрт қабырғаға қамап, теория оқы­тып, маман дайындай алмаймыз. Екінші – оқытушыларға жасалатын жағдай. Елі­мізде оқытушыларға төленетін еңбекақы салыстырмалы түрде төмен. Сондықтан қосымша табыс табу үшін оқытушылар әр­түрлі жақта жұмыс істейді. Сәйкесінше білім сапасы нашарлайды. Бұл мәселені Жа­понияның үлгісінде шешуге болады. Айталық, Жапонияда ғылыми жұмыс істей­тін оқытушылар және сабақ беретін оқы­тушылар болып екіге бөлінген. Сабақ беретін оқытушылар бәрінен жоғары тұ­рады. Өйткені ол болашаққа қажетті маман дайындайды. Үшінші – ғылыми оқулықтар мәселесі. Көп жоғары оқу орындарында қазақ тілінде сапалы оқулықтар жетіспейді. Мен студенттерді Жапониядан әкелген материалдарым арқылы оқытатынмын. Жапонияда ғылым киелі. Жапон халқы «ғылым үшін» деп айтқан ғалымға ауыз­дарынан жырып қажетті құралдарын алып береді. Қазақстанда «ғылым үшін» десең, мән бермейді. Ал «телеарна келеді» десең шыр-пыр болады. Сондықтан ғылым құн­дылығымызға айналуы керек. Біздегі рек­торлар ғылымға емес, танымал болуға көңіл бөледі. Бейнеконтент жасап, марке­тинг жүргізеді. Менің ойымша, мықты университет ешқашан өзін жарнама­ла­майды. Өйткені оның мықты екенін халық жарнамасыз да біледі. Пандемия кезінде бәрі ғылымның қажеттілігін мойын­да­ғандай болып еді. Індет сейілген соң кө­мектесеміз деген шенеуніктер айтқан сөз­дерін ұмытып та кетті. – Сонда Қазақстанда ғылым саласын дамыту үшін не істемек керек? – Ең бастысы, ғылымға жастардың дұрыс көзқарасы мен бетбұрысы керек. Балалар мен жастардан ғалым боламын деген құлшынысты көрмейсіз. Өйткені біздің телеарналарда және басқа да бұқа­ралық ақпарат құралдарында ғылымға деген қызығушылықты арттыратын идеологиялық бағдарламалар жоқ. Айталық, Жапонияда NHK арнасында ғылым туралы, ғалымдар­дың жасаған жұмыстары мен олардың өмірі жайлы күнделікті көрсетілетін хабарлар бар. Сондықтан жапон елінде «мен ғалыммын» деген атақ олимпиада чемпионымен тең дәрежеде қарастырылады. Сондықтан ғылымды насихаттауымыз керек. Елімізде ғалым болсаң, үлкен беделге ие болмайсың. Оған қарағанда спортшылар ғалымдардан жоғары тұрады. Ал спорт мемлекеттің ғы­лымы мен экономикасын дамытпайды және жаңа жұмыс орындарын ашпайды. Бізде ғылымның дамуы үшін ең басты фактор – қаржыландыру. Сапалы, білікті мамандарды ғылымға тартуымыз керек. Ғылымды қаржыландыру артқан кезде бәсекелестік те дамиды. Сол кезде ғана саннан сапаға көшеміз. – Әңгімеңізге рақмет!