Петропавлда өз үйінен өлі табылған учаскелік полицейге қатысты тың мәліметтер шықты
Петропавлда өз үйінен өлі табылған учаскелік полицейге қатысты тың мәліметтер шықты
© ktk.kz
174
оқылды
Петропавлда учаскелік инспектор пышақ жарақатынан көз жұмды.  Қанды оқиға  полицейдің өз үйінде болған. Тергеушілер бас күдікті ретінде оның әйелін қарастыруда. Арты қылмыспен аяқталған жанжалға не себеп әзірге белгісіз, – деп хабарлады "Астана" телеарнасы.  Қанды қырғын түнгі үш шамасында болған. Учаскелік полицейді үйінде қан жоса боп жатқанын бірінші әкесі көрген.  Бірнеше жерден пышақталған көрінеді.  Қазір құзырлы органдар марқұмның әйелінің қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
"ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлімі “адам өлтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл оқиға марқұмның кәсіби қызметіне еш қатысы жоқ. Ол жанжалдың салдарынан көз жұмған. Құзырлы органдар осы нұсқаны анықтап жатыр", – дейді СҚО прокуратурасы.
Жантүршігерлік оқиға көрші-қолаңды дүр сілкіндірді. Осыған дейін бұл отбасын тек жақсы жағынан танып-білген олар болған жағдайға сене алар емес
"Біз олармен бұл үйде бірнеше жылдан бері бірге тұрып келеміз. Өте жақсы кісілер. Ата-анасы жас отбасының қолында тұрды. Марқұмның артынан екі баласы қалды. Біреуі мектепте оқиды, екіншісі әлі кішкентай",  – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Андрей Мельников.
Капитан шеніндегі учаскелік полицей ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері жұмыс істеген.  Былтыр  ол жақсы қызметі үшін "қаланың үздік учаскелік полицейі" атағына ие болыпты.