Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті 2020-2021 жылдар аралығында көлеңкелі экономика саласында ауыр қылмыстар жасаған бір топ тұлғаны әшкереледі.
Азамат В.Хан басқарған қылмыстық топ өз клиенттерін бюджетке салық төлеуден босату мақсатында бақылаудағы 7 заңды тұлғаның контрагенттеріне жалған шот-фактура жазып берген. Олар өз әрекеттерімен мемлекетке 490 миллион теңгеден астам сомаға аса ірі көлемде зиян келтірген.
Сот басты айыпталушы Виталий Васильевич Ханды нақты мерзімге – 4 жылға бас бостандығынан айыруға, ал заңсыз ақша жинаумен айналысқан екі адамды шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Үш айыпталушыға да ұзақ мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді, оның ішінде шот-фактураларды беруге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Төленбеген салықтар камералдық бақылау және салықтық тексеру аясында барлық контрагенттерден өндіріп алынатын болады.