«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев директорлар кеңесінің мүшесі, қордың тәуелсіз директоры болып сайланды. Бұл туралы «Самұрық-Қазынаның» ресми сайты жазды.
Қоғамдық кеңес төрағасын директорлар кеңесінің құрамына енгізу – қордың қызметіне бақылауды күшейту үшін қажет. «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі 2021 жылдың желтоқсан айында кандидаттарды ашық конкурспен іріктеу арқылы құрылды. Кеңес құрамында он адам бар.
Болат Жәмішев Қаржы министрі, Өңірлік даму министрі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары, Қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары болған.
Экономика ғылымдарының кандидаты.
Бұған дейін Болат Жәмішев «Қазақстан халқынан» қаржы сұрайтындарға «Кредитті қалай алдың, солай төле» деп жауап бергенін жазған болатынбыз.