Есірткі саудасымен айналысқандар парик киіп, киім ауыстырып отырған - полиция
Есірткі саудасымен айналысқандар парик киіп, киім ауыстырып отырған - полиция
501
оқылды
Өскемен қаласында синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан 11 адам ұсталды. Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлер мен прокуратура қызметкерлері бірлесіп, есірткі саудасының жолын кесуге бағытталған арнайы іс-шаралар кешенін өткізді. Ғаламторда жүргізілген мониторинг нәтижесінде, синтетикалық заттардың таралуына қатысы бар сайттар анықталды. Өскемендегі жағдайды талдау және қадағалау арқылы құқық қорғау органдары синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан 11 адамды ұстады.
«Қажетті дәлелдер базасын жинау және күдіктілерді ұстау үшін бірнеше апта қажет болды. Осы уақыт ішінде жедел уәкілдер тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеді. Қылмыс жасаған адамдар киімдерін үнемі ауыстырып отырды және кейбір жағдайларда парик те қолданды. Ұсталғандар туралы ақпарат қылмыстық топтың басқа мүшелеріне жетпеуі үшін күдіктілердің әрқайсысы бөлек қолға түсірілді», – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Ұсталғандардан синтетикалық есірткінің 220-дан астам бірреттік дозасы және «экстази» деп аталатын 80 таблетка тәркіленді. Бүгінде аталған адамдардың барлығы сот санкциясымен қамауға алынған. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.