Үкімет басшысы әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсынысқа жауап берді
Үкімет басшысы әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсынысқа жауап берді
© uralskweek.kz
13,692
оқылды
Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді "Өзіңізге белгілі, қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақысын алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді. Нәтижесінде, жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өсетін болады. Сондықтан зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді", –  делінген Әлихан Смайыловтың жауабында. Үкімет басшысының айтуынша, бұл – әлемдік практика, яғни өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көршілес Әзербайджан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде де қолға алынуда. Осы өзгерістерді есепке ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталуда. Олардың аясында: 1) зейнетақының мөлшерін арттыруды көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізу; 2) инфляция деңгейінен 2%-ға аса отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшерін индекстеуді сақтау; 3) жұмыспен қамту мәртебесіне байланысты зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әйелдер үшін жаңа қолдау шараларын анықтау. Әлеуметтік жобаларға тарта отырып, жұмыс істемейтін әйелдердің зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін ұзарту; 4) зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің демографиялық трендтерге және бюджет кірістеріне тәуелділігін төмендетуге арналған жинақтаудың шартты компонентін енгізу көзделген.
"Осы шаралар зейнеткерлердің барлық санаттары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз етеді", – деп есептейді Смайылов.
Бұған дейін сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын.