Байланыстағы былық бітпей тұр
Байланыстағы былық бітпей тұр
2,710
оқылды
Елімізде байланыс пен интер­нет сапасына халықтың көңілі тол­­майтыны бұрыннан аян. Бұл мә­селе соңғы кездері тіптен күр­деле­ніп кетті. Таяуда салаға жауап­­тылар байланыс сапасы үшін опе­раторларға салынатын айып­пұл көлемін 10 есе өсірді. Деген­мен осы қадам оператор­ларға қа­лай әсер ететіні белгісіз. Себебі олар айыппұлдан айылын жия қалады дегенге сену қиын.  

Ақы артады, сапа сол баяғы

Цифрлық даму министрлігі Қазақ­стандағы интернет сапасының төмендігі үшін айыппұл мөлшері өскенін хабар­лады. 11 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы ко­дексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат байланыс саласындағы тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтпек. «Енді заңбұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторлары 100 АЕК орнына 1 000 АЕК айыппұл са­лады, ал бір жыл ішінде қайталап заң бұзған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1 500 АЕК-ке дейін өседі», – де­лінген хабарламада. Ведомство мәліметінше, былтыр байланыс сапасының нашарлығына қатысты шағымдар саны 10 есе өскен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша министрлік 562 тексеру жүргізіпті, салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы 51 тексеру, ал 2019 жылы 93 тексеру ғана жүр­гізілген екен. Демек, байланыс опе­ра­тор­ларының сапаны қолға алатын сыңайы жоқ. 2018 жылдан бастап елімізде бай­ланыс операторларына қатысты үлкен дау шықты. Өйткені сол жылы ұялы байланыс операторлары бағаны бірден 4,3 пайызға көтерген еді. Ал 2019 жылы Activ, Kcell, Beeline операторлары «айды аспанға шығарып» жаңа тарифтік жос­парлар енгізді. Ұялы байланыс қызметі жаңа тарифтік жоспарларды толық бір айға емес, 28 (4 апта) күнге қосатын болды. Нәтижесінде, абонент 1 жылдың ішінде тарифтік жоспарды 12 рет емес, 13 мәрте қосуға мәжбүр болады. Яғни, әр абонент бір айлық төлем үшін ақша аударғанымен, тарифті тек 28 күн пай­да­ланады. Сөйтіп, операторлар ай сайын екі күн ұтып, тұтынушы бір жыл­да 24 күнге ұтылды. Өз кезегінде бұл әрекет ұялы байланыс операторлары үшін жылына шамамен 38-55 млрд теңге көлемінде қосымша пайда әкелген. 28 күндік тарифтік жоспарлар халық үшін қолайсыз көрінбеуі мүмкін, дегенмен ұялы байланыс қызметін ұсынушылар тарапына табыстың көзі болды. Бұл кез­де Бәсекелестікті қорғау және да­мыту комитеті операторларды негізсіз тергеп-тексеруге хақы жоқ екенін ай­тып ақталған болатын. Кейін ұялы бай­ланыс операторлары 28 күндік тариф жоспарларын ақырындап жоя бастады. Дегенмен байланыс және интернет сапасы да, тарифті қымбаттата беру әді­сі де сол күйі қалды. Мәселен, былтыр елімізде ұялы байланыс операторлары бағаны тағы 1 пайызға қымбаттатады. ТМД елдерінің ішінде мобильді интер­нетке ең көп ақша жұмсайтын халықтың бірі – қазақстандықтар. Бірақ сұраныс­тың көптігі тарифтік пакеттер бағасы­ның қымбаттауына себеп болмаса керек еді. Ал интернет сапасы оңалудың ор­ны­на жылдан-жылға нашарлап барады. Неге?  

Санкцияның салқыны тиген сала

Ортақ экономикалық кеңістіктегі көршіміз Ресейге салынған санкциялар­дың зияны біздегі салаға да тиді. Соның бірі һәм бастысы – интернет. Биыл наурызда еліміздегі IT қауымдастық өкілдері бас қосып, үлкен даулы мәсе­лені көтерді. Мамандардың қазіргі жағ­дайға көңілі толып отырған жоқ, про-­ б­ле­ма жетерлік. Себебі Қазақстандағы байланыс операторлары осы уақытқа дейін интернет трафигін Ресейден алып келді. Енді санкциялардың кесірінен интернеттің сапасы төмендеді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұмыс істейтін жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Олар сөзсіз бағаны қымбатта­та­ды. Қажет технологиялар доллар не еуромен сатылады. Яғни, қазақстандық операторлардың шығыны қоса есе­ленбек. Бұл түйткілді ауқымды жобалар­мен айналысатын IT маман Әлібек Байсейіт те нақты айтты. – Интернет сапасына, құнына қа­тысты мәселе туындайды деп алаңдауға әуелден негіз бар болды. Біздегілер тра­фиктің басым бөлігін көрші Ресейден алатыны шындық. Мәселен, мен IT маман ретінде үлкен жобалармен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыла­мын. Жалға алу есебінде әр ай сайын ақы төлеймін. Көктемде санкциялар көбейгеннен кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есуі мүмкін екені айтылған. Солай болды да. Интернет сапасы да аздап төмендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жоба көп. Оларға да қиын соқты. Мұның бәрі айналып келіп экономикаға әсер етеді. Тауарлардың құны да қымбаттап жатқанын көріп отырмыз, – деді маман. Саладағылар биліктегілердің тра­фикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздестіру қажет екенін айтып жүргеніне бірнеше ай өтті. Демек, ресейлік тра­фик­тен бас тартып, өзге елдерге жүгін­ген абзал. Алайда салаға жауапты ве­домство өкілдері проблемаға мүлде алаңдамайтын сияқты. Осы жайт сөз болғанда «Барлығын қарап отырмыз. Қазақстанда интернетпен мәселе туындамауы керегін түсіндік. Еліміз тек Ресейден емес, басқа елдерден де тра­фик алады. Яғни, елде интернет өш­пейді. Уайымдаудың қажеті жоқ», – деп сытылған еді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ. Жылдам интернетті қажет ететін IT ма­мандарының жағдайын елемеген күннің өзінде, қазір сіз бен біздей қарапайым тұтынушылар қолданатын интернеттің сапасы да төмендегенін сезіп жүрміз. Жақында жауапты ведомство Ресейден елімізде IT мамандар ағылып келіп жатқанын «дамудың даңғыл жолындай» етіп көрсетіп, жария қылды. Бірақ тағы бір мәселе бар еді – осы жағдайлардан кейін шетелге кетуге ұмтылатын жастар артуы мүмкін. Себебі жалақысын АҚШ долларымен алғысы келетін IT ма­ман көп. Онсыз да ел аумағын толықтай бай­ланыс пен интернетке жарыта алмай отырғанда трафиктің қымбаттауы мен сапасының нашарлауы жығылғанға жұдырық болды. Расы сол, санаулы ұялы операторлары монополия орнатып алған. Аз болған соң үлкен аумақты интернетпен қамтуға шамасы жетпейді. IT мамандар дабыл қағады, ведомство жалтарма жауаппен сытылады. Кез кел­ген саланы өзге елдің нарығына байлап беруге болмайтынын білсек керек еді. Қорыта айтқанда, айыппұлдың 10 есе өскені мәселенің шешілгенін аң­ғарт­пайды. Тұтынушылардың арқасын­да миллиардтап табыс тапқан байланыс операторларына айыппұлдың көлемі мүлде елейтіндей мәселе болмасы анық. Сондықтан баға мен сапаға қайта айна­лып келіп ұрына беретін түріміз бар.