Ақтөбеде сүйіктісінің анасын өлтірдім деп ауыр қылмысты мойнына алған 18 жастағы колледж студенті енді бұған дейін айтқанынан айнып отыр, – деп хабарлайды «Хабар 24».
Айыпталушы «марқұмға бірнеше рет пышақ сұққан туған қызы» екенін айтады. Ақтөбеде бүгін атышулы дерекке қатысты сот жалғасты.
Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында полицейлер 16 жастағы оқушы қыз бен оның кәмелетке енді толған жігітін «адам өлтірді» деп тұтқындаған болатын. Алайда бұған дейін айыпталушы жігіт қылмысты тек өзім жасадым деген еді. Бүгін өткен кезекті сот тергеуінде жанжалдың соңы төбелеске ұласқаны белгілі болды. Ішімдік ішкен әйел пышақ ала жүгіріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Жігіт оның қолындағы суық қаруын қағып, сабасына түсіру үшін буындыра бастаған. Сол кезде қасында тұрған қыз баладан көмек сұрапты. Айыпталушы жігіт «өлтіру ойда болған жоқ, тек арашаға түс дегендей ишарат еттім», – дейді. Бірақ сол маңда жатқан пышақты жүрек тұсына бірнеше рет сұққан марқұмның туған қызы деп отыр. Тараптар енді оқушы қыздың жауабын тыңдайды.
https://www.youtube.com/watch?v=PoOCiWIhLX4