Қайрат Боранбаевтың туған інісіне іздеу жарияланды
Қайрат Боранбаевтың туған інісіне іздеу жарияланды
850
оқылды
Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың інісі, кәсіпкер Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялады.
Мұрат Боранбаев – қамаудағы кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың інісі. Ашық дереккөздерде Мұрат Боранбаевтың 2017 жылы AlanParking ЖШС басшысы болып тіркелгені туралы ақпарат бар.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Боранбаев Мұрат Советайұлы 1970 жылы 1 шілдеде дүниеге келген.
«2022 жылғы 20 шілдедегі іздеу ісі Алматы облысында тіркелген. Бастамашы: ҚМА. Іздестіру жүргізетін орган: Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті (тел. 8 (727) 279-29-56)», -делінген  ведомство хабарламасында.
8 шілдеде Қайрат Боранбаевтың қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылғаны хабарланды. Еске салайық, 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын, осы қылмысты жасады деген күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалғанын хабарлады.