ӨЗГЕЛЕРГЕ ӨНЕГЕ
«Мен үшін, менің отбасым, туыстарым мен әріптестерім үшін бұл – үлкен мақтаныш. Мемлекеттік награда екінің біріне беріліп жатқан жоқ. Сондықтан кеудемді қуаныш кернеді, менің сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еңбегімді бағалағандарға алғысым шексіз», – деп Руслан өз әсерін жеткізді. Оның ата-анасы да ұлдарының ерлігі еленгеніне риза. «Біз екі ұлымызға әрдайым жақсы тәрбие беруге тырыстық. Ешкімнің ала жібін аттамауға, барынша әділ болуға баулыдық. Русланның марапаты – біздің бала тәрбиесіне сіңірген еңбегіміздің өтеуі іспеттес. Әрине, қуаныштымыз», – деді батыр жігіттің ата-анасы Кубанычбек пен Валентина. Ерлік жасаған қызметкеріне Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Арман Айтеев барлық қырынан жақсы мінездеме берді. «Руслан Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы колледжді аяқтаған соң 2014 жылы полицияға қызметке орналасты. Өз еңбекқорлығының арқасында жұмыс істей жүріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін тәмамдап, жоғары білім алды. Спортпен шұғылданады. Өз жұмысына адал, достыққа берік. Қай қырынан алсақ та, өмірде де, қызметте де, тек жақсы сипаттамаға ие. Оның ерлігі – басқа әріптестерімізге үлгі», – деді Арман Сейітқасымұлы.СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН
Бұл – өз мамандығы бойынша бір емес, бірнеше рет үздік деп танылған полиция қызметкерінің алғашқы ерлігі емес. 27 жастағы жігіттің өмірлік тәжірибесі өте бай: ол толғағы жеткен әйелдерді перинаталдық орталыққа жедел әрі уақытылы жеткізіп, жолда сынып қалған талай көлікті сүйреген, қарттарды жолдан өткізіп, ұшты-күйлі жоғалған адамдарды іздескен. Патрульдік полиция батальоны инспекторының қызметі барысында әртүрлі тосын жағдайлар мен күтпеген оқиғалар жиі кездеседі. Соның бәріне төтеп беріп, ұтымды әрі оңтайлы жол тауып жүрген Руслан өз қызметін абыроймен атқаруға спорттың тигізер көмегі көп деп санайды. Ол Петропавл қаласындағы №10 орта мектепте білім алып жүрген бала кезінде-ақ полиция қызметкері болуға бел байлаған екен. Сол сәттен бастап бокспен және қоян-қолтық ұрыспен шұғылдана бастаған. Арманына адал тәртіп сақшысы спорттан әлі де қол үзбей келеді. Бүгінде ол спорт шеберіне кандидат, спорттық атудан бірінші разряды бар. Спорттан хабары болмағанда және тиісінше дене дайындығы болмаған күнде көпірдегі оқиға немен аяқталары белгісіз еді. Руслан денешынықтыруға ғана емес, сонымен қатар кәсіптік даярлыққа да үлкен жауапкершілікпен қарайды. «Біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететіндіктен, әрдайым адамдарға көмектесуге әзірміз, қызметімізді адал атқаруға тырысамыз. Полиция қызметкері үшін ең бастысы, менің ойымша, адал, әдепті болу, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару және жай ғана қарапайым адам болып қалу», – дейді біздің кейіпкеріміз. Айта кетейік, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ерлік жасап, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған 8 тәртіп сақшысы қызмет атқарып жүр.