Еліміздегі 6 ЖОО-ны жабу мәселесі сотта қаралып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп берген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Академиялық дербестікті кеңейтумен қатар, жауапкершілігі төмен университеттерді жауып, сапаны қамтамасыз ете алмайтын ЖОО-ларды қайта бейіндеу бойынша күрделі жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде, 15 ЖОО жабылды. Бұдан бөлек, қосымша 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр. Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Сондай-ақ министр оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияны қайтарып алу үшін тағы 4 ЖОО-мен сот процесі жүріп жатқанын айтты.
«Педагогикалық бағыттар бойынша жоғары оқу орындарының саны (85-тен 50-ге дейін) қысқарды. Енді оқытудың тиісті сапасын қамтамасыз ететіндер ғана болашақ мұғалімдерді дайындай алады. Заңгерлерді даярлайтын университеттердің саны 72-ден 61-ге дейін қысқарды», - деді Асхат Аймағамбетов.