Түз тағысы қасқырды соғып алмақ түгілі, атын естігеннен үрейіміз қашады. Ал Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын 83 жастағы Сәкүл Сақбаеваны қасқыр алған ана ретінде таниды. 50 жыл қой бағып, еңбегімен аты шыққан ананың батырлығын көзкөргендер аңыз қылып айтады.
Бүгінде бір әулеттің анасына айналған кейіпкеріміздің қасқыр соққанына да елу жылға жуықтапты.
Әңгімені әріден қозғаған Сәкүл Әрінқызы бала күнінен ер бала сияқты өскені. Ағасы Тұрсын Әрінұлы ұлдан жалғыз болған соң еңбекке ерте араласыпты. Үнемі әкесінің қасында жүріп, ғибратты әңгімелерін тыңдап өскен екен.
– Ол кезде Ақтоғай ауданы Жәмші ауылының қой шаруашылығымен аты шығып тұрған кез. 39 жасқа толған шағым. Жолдасым Мұғиын Сақыпбаев екеуіміз Сеңкібайдың жазығында қой бағып отырдық. 1974 жылдың 8-інші қарашасында таңғы 7.00-де Мұғиын қойды өріске шығарып кетті. Мен күнделікті әдетім бойынша мал суаруға шыққам. Мал суаратын құдық үйден 1 шақырым жерде. Екі шелегімді иығыма асып алып келе жатсам екі қасқыр бұзауды әкетіп бара жатыр. Қызығы олардың біреуі бұзауды жетектеп, енді бірі оны айдап барады.
Құдық басындағы күректі ала салып соңынан қуа жөнелдім. Аяғымдағы керзі етік ауыр болған соң шешіп тастап, жалаң аяқ, қарға да қарамай жандарына әп-сәтте жетіп бардым. Сонда таңғалғаным әкем бұрын айтып отыратын «Қасқыр қандай түліктің болсын үстінен қарғып өтсе тұра алмай қалады. Жарықтықтың сондай тылсым қасиеті бар. Және қасқырдың осал жері тұмсығы деген» сөзі есіме түсті. Расымен де, қасқыр әлгі бұзаудың үстінен қарғып өткенде бұзау жүрелеп орнынан тұрмай қалды. Біреуі өкіртіп алқымдап жатыр. Қолымдағы күректің қырымен қақ тұмсығынан ұрғанда күрек оны балтадай шауып түсті. Арлан теріс қарап алып, қар аралас топырақты аяғымен боратып жатыр. Бұзауды, мені топыраққа көміп, үсті-үстіне боратуын тоқтатар түрі жоқ. Бір кезде «Сәкүл» деген дауыс естілді. Мұғиын көріп келген екен деп ойладым. Сөйтсем, Сейдіғали деген кісі баласымен көліктері бұзылып жаяулап келген екен. Ер адамды көрген соң арлан қашып кетті. «Майлансын, майлансын» деп жатыр Сейдіғали аға мені құшақтап. Сол кезде өң мен түстің ортасында тұрғандай болдым, – дейді батыр ана.
Қайсар ананың айтуынша, қасқыр тартқан бұзауды сол жерде қолма-қол бауыздап, терісін сыпырып, сүйегін жіліктеп, боршалап тастапты. Ал, қасқырдың терісін сыпырып алыпты. Зікірия Көпбаев ақсақал батылдығына ырза болып, ауданға хабарлап, журналистер шақырып, сүйінші сұраған көрінеді.
– Мен сонда қасқырдың әйел адамнан қорықпайтындығына көзім жетті. Ер адам болмаса, менен қаймығатын түрі жоқ. Және сол кезде Бақытгүл деген қызыма аяғым ауыр еді. Қасқыр соққан ананың сүті тартылады дегенді естіп уайымдадым. Бірақ, сүтім қайтқан жоқ. Одан кейін де құрсақ көтердім. Кенжем Әлібекті 1990 жылы дүниеге әкелдім. Қасқырды Сейдіғали ағаға қанжығаңызға байладым деп берген едім. Ол кісі өзің соққан қасқыр өзіңде қалсын деді. Баласы үйленгелі жатқан. Көрімдігіне бір ту қой мен бір қарын май салып бердім. Қасқырдың терісін Зікірия ағатай балаларды оқуға әкеткенде қалаға апарып, ақшасына өткізіп келді, – деп әңгімесін жалғады Сәкүл Әрінқызы.
Тағдыр атты кемеде әр адамның сүрлеуі, соқтықпалы-соқпақты жолы болады. Сәкүл әженің тағдыр жолы алмағайып. 1989 жылы арқа сүйер азаматы, асыл жары Мұғиын ақсақал дүние салып, алты баламен, жетінші баласына аяғы ауыр кезде жесір қалады. Жеті баласын жетелеп жүріп жеткізіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Бүгінде әулеттің анасына айналған Сәкүл әже 7 баласынан немере-шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Бейнетінің зейнетіне бөленген. Кезінде кеңшар мен үй жұмысын қатар алып жүріп, ауыл-аймақтың мақтанышы болған қайратты ана бүгінде сексен үшке келсе де қимылы ширақ. Өз білгенінің бәрін үйретіп, қамқорлығын аямайды. Өткен күніне шүкіршілігі мол. Отбасының ұйытқысы болуымен қатар, еліміздің өркендеп-өсуіне, көркеюіне өзінің сүбелі үлесін қосқан ақ жаулықты ананың арманы мен тілегі Елдің тыныштығы, ұрпақтарының амандығы.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы