Бөлекпаевты еске алуға арналған халықаралық шахмат турнирі мәресіне жетті
Бөлекпаевты еске алуға арналған халықаралық шахмат турнирі мәресіне жетті
966
оқылды
Алматыда Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын Амантай Қуанышұлы Бөлекпаевты еске алуға арналған халықаралық классикалық шахмат турнирі өткізілді. Турнирге Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан және Тәжікстан елдерінен келген 220-дан астам шахматшы қатысты. Жарыс ФИДЕ рейтингі есептелетін бірінші топта және 14 жасқа дейінгі балалар қатысқан екінші топта өтті.  Бәсеке бес күнге созылып, жалпы 9 тур ойналды. шахмат Марапаттау рәсіміне Алматы шахмат одағының вице-президенті, Азия шахмат федерациясы әйелдер комиссиясының төрайымы, халықаралық гроссмейстер Гүлмира Дәулетова қатысты. Ол шахматты насихаттап, әлеуметтік-ағартушылық жобаларды жүргізгені үшін жас алматылық шахматшы қыз Дилайла Сәдуақасоваға арнайы сыйлықты табыс етті. Сондай-ақ номинациялар бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы турнирде қыздар арасында 1-орынды Агния Куш иеленді. Ал  10 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы 1-орын Әзербайжаннан келген Жамал Мамадовқа бұйырды.  10 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 1-орынды Дилайла Садвакасова алды. Ал рейтинг есептелетін Ашық турнирдегі 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы 1-орынды Тимур Бекетов, әйелдер арасындағы 1-орынды Елназ Қалиахмет алды. Шахмат ардагерлері арасында 1-орынды Виктор Пургин жеңіп алды. А.Қ. Бөлекпаевты еске алуға арналған халықаралық балалар турнирінің жеңімпазы мен бас жүлдегерлерін Еуразиялық заң академиясы проректоры, Қонаев атындағы шахмат академиясының директоры Өмірәлі Әлима Өмірәліқызы құттықтап, ең мықты жасөспірімдерге ақшалай сыйлықтар табыс етті. Бұл топта ұлдармен тең дәрежеде күресіп, 1-орынды Айза Төлекенова жеңіп алды (9 ұпайдан 8 ұпай). шахмат А.Қ. Бөлекпаевты еске алуға арналған ашық халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша марапаттауға Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Бикет Таирұлы Жароков шақырылды. Ол FIDE шебері Арыстан Исанжуловқа бас жүлдені табыс етті. Екінші орынды Азамат Утегалиев иеленсе, қола жүлде Айбек Қатеновке бұйырды. Турнирді Kunaev chess шахмат академиясы, «Алматы шахматшылар Одағы», «Шахмат әлемі» FIDE Академиясы Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды.