Түркістан облысының Полиция департаменті полицейлердің адамды азаптап жатқаны туралы видеоға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, Сауран ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын құны 100 мың теңге болатын екі қойын ұрлап кеткенін айтып, шағым түсірген.
«Полицейлер 2 күдіктіні анықтаған. Сотқа дейінгі тергеу толық көлемде жүргізілді, алайда қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты іс тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Сауран ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері "күдіктілердің полицейлер азаптады деген айыптауы сол күні тексерілгенін" мәлімдеді.
«Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Өзіндік қауіпсіздік басқармасына тапсырма беріп, қылмыстық іс қозғалды. Биыл ақпанда полицейлерге қатысты қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданды», – деп атап көрсетілген ақпаратта.
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сауран ауданының полиция бөлімінде түсірілген видео тарады. Онда 34 жастағы жергілікті тұрғынның жанұшыра айқайлаған дауысы естіледі. Белгілі болғандай, полицейлер 34 жастағы ер адамды мал ұрлады деген күдікпен аудандық полиция бөлімшесіне алып келген. Өзінің айтуынша, оның басына полицейлер полиэтилен пакет кигізіп, әбден ұрып-соғыпты. Сондағысы жоғалған екі қойды оның мойнына ілгісі келген көрінеді. Оқиға биыл 8 ақпанда болған.
https://www.youtube.com/watch?v=o0gUD3buKxc&t=1s