Ұсталғандарды азаптаған тергеу изоляторының 4 қызметкері істі болды
Ұсталғандарды азаптаған тергеу изоляторының 4 қызметкері істі болды
Фото: 360tv.ru
1,011
оқылды
Оралда қамауда отырғандарды азаптаған тергеу изоляторының 4 қызметкері істі болды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады. Оралдағы тергеу изоляторының 4 қызметкері қамауда отырған төрт адамды ұрып-соққаны үшін істі болды. Оларға «Азаптау» бабы бойынша айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.  Қазір қылмыстық іс Орал қалалық сотында қаралып жатыр. Күдіктілердің екеуі қамауда отыр.
БҚО прокурорының аға көмекшісі Әсел Берқалиева: «Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің қызметкерлері 2021 жылдың наурыз айында бұрын болған жанжал үшін сотталғандарды жазалау және мекемеде ұстау режимін мүлтіксіз орындау қажеттілігі мақсатында бірқатар сотталғандар мен қамауға алынған адамдарға дене жарақатын салғаны анықталды», – деді.
Құқық қорғаушылардың дерегінше, жыл басынан бері қамауда отырған 35 адам полицейлерден жәбір көрдік деп шағымданған. Бұған дейін «Бұл жерден тірі шықпайсың» деп қаңтарда ұсталғандарды азаптаған полицейдің фотосы жарияланған еді.