«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты республика көлемінде «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде. Атаулы акцияны Төтенше жағдайлар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізіп жатыр.
Акция бастау алған күннен бастап аймақтарда 4 500-ден аса кәріз құдығына мониторинг жасалды. Оның ішінде 500-ге жуық құқықбұзушылық фактісі анықталды. Сондай-ақ рұқсат етілмеген жерде шомылған 50 жағдай тіркелді.
Мониторингтер жүргізу арқылы ақпарат жинап, тиісті орындарға тапсыру, сондай-ақ жаз мезгіліндегі балалар мен ересектер арасында жазатайым оқиғаны болдырмау мақсатында жастар жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.
Ұйымдастырушылар ашық кәріз құдығына, шомылуға рұқсат етілмеген жерлер, тұрғын үйлер шатырының қауіпсіздігіне мониторинг жасауда.
«Дені сау ұрпақ тәрбиелей отыра, табысты болашақтың кепілін қалыптастырамыз», – дейді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
«Қауіпсіз қала – бұл ең біріншіден балалардың қауіп-қатерсіз өскенін көздейді. Жас жеткіншектердің түрлі төтенше жағдайға тап болып, өмірлеріне қауіп тудырып жатқан жайттар қоғамда белең алуда. Арнайы орындарда, ашық қалған кәріз құдықтары мен өзен-су жағалауларында осындай апаттардың алдын алу үшін түсіндіру жұмысы жүргізіліп, мониторинг жасалуы биыл бірінші рет өтіп жатқан жоқ. Бұл мәселеге «Жастар рухы» аса жауапкершілікпен қарап, басты назарда ұстауда. Балалар жылы аясында осындай бастамалардың өскелең ұрпаққа оң әсерін тигізеріне сеніміміз мол. «Сақтықта – қорлық жоқ» деп бекер айтылмағанын естен шығармаған да жөн», – дейді Нұржан Жетпісбаев.
«Қауіпсіз қала» акциясын өткізудегі басты себептердің бірі – жыл басынан бері болып жатқан балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу. Сол себептен Жастар қанатының өкілдері сәбилер мен балаларды қараусыз қалдырмауға, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізуге шақырады.
«Қауіпсіз қала» акциясы 19 тамызға дейін жалғасады.