«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің мүшелері аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиалының өкілдерінен құралған жұмыс тобы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Федоров ауданына қарасты Пешков арнайы қызмет көрсету орталығы науқастарының өмір сүру сапасын бақылап, тексеру жұмысын жүргізді. Бұл орталық – стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж, психоневрологиялық аурулары бар І, ІІ топтағы 18 жастан асқан адамдардың тәулік бойы тұрақты тұруына арналған стационарлық үлгідегі мекеме.
Мониторинг барысында жұмыс тобы тұру жағдайымен және ем алушыларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасымен танысты. Тексеру нәтижелері бойынша орталықтың қамқорлығындағы адамдарға әлеуметтік-медициналық қызметтер аурулардың сипатын, медициналық көрсетілімдерді, денсаулығының физикалық және психикалық жай-күйін ескере отырып, қажетті көлемде көрсетілетіні анықталды.
Орталықтың оңалту іс-шаралары қызмет алушыларды бейімдеу және олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Емдеу-еңбек қызметін жүргізу жабдықталған шеберханаларда, үй жанындағы учаскелерде қамқорлықтағы адамдардың жеке ерекшеліктерін, физикалық және психикалық жай-күйінің мүмкіндіктерінің шектелу дәрежесін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұдан басқа, Орталықта тұрақты негізде мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіледі.
Мониторинг нәтижелері жалпы жағдай қолайлы екенін көрсетті, орталықтың қамқорлығындағылармен қарым-қатынас барысында әкімшілік пен қызмет көрсететін мамандарға қатысты шағымдар анықталған жоқ. Кеңес мүшелері бұл нысандарды ұдайы назардан тыс қалдырмайтындарын жеткізді.
Одан бөлек кеңес мүшелері «Лесная сказка» жазғы сауықтыру лагерінің жұмыс барысын бақылады. Облыстық мәслихат депутаты, кеңес мүшесі Айгүл Мырзабекованың қатысуымен бұған дейін де бірнеше нысанға мониторинг жүргізілді.
Балалардың жазғы демалысы жайында мектеп-интернаттың директоры Ирина Дмитриева айтып берді.
"Лагерьде балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Психолог, тәлімгер, нұсқаушылар қызмет етеді. Сондай-ақ денсаулық, бос уақытты және шығармашылық еңбекті сақтау, нығайту үшін іс-шаралар ұйымдастырылады", – деді директор.
Жыл сайын «Лесная сказка» лагері ерекше білім алатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 Рудный арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін қабылдайды. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес, лагерь ПМПК қорытындысы негізінде арнайы білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және тәрбиеленетін балаларды жазғы демалысын қызықты етіп өткізеді. Биылғы жазда лагерьде 117 бала сауықтыру демалу орталығына жолдама алған. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жұмыс тобының мүшелері кәмелетке толмағандардың өмір сүру және тәрбиелеу жағдайымен танысып, балалардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізді.
Демалыс орталығында әр маусымда жұмыс істеу үшін логопед, психолог, дефектолог, хореограф, музыкалық жетекші, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері және қызмет көрсету персоналы сияқты мамандары шақыртылады.
Білім басқармасының ақпараты бойынша, жазғы кезеңде облыста жалпы сыйымдылығы 1 840 орындық 10 қала сыртындағы балалар лагері жұмыс істейді (оның ішінде: 9 мемлекеттік, 1 жекеменшік). Лагерьлерде барлық қауіпсіздік шараларды сақтай отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарынан барлығы 3 000-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылды.