Тұрмысты түзеудің тетігі
Тұрмысты түзеудің тетігі
449
оқылды
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын да қызықтырды. Бірер күн бойы бизнес-тренерлерден өз кәсібін ашу және табысты арттыру түрлі тетіктері жайлы тың ақпарат алған теріскейліктердің бизнес-идеясы да жетерлік. Мобильді топ Солтүстік Қазақстан өңірінің 22 елді мекенін аралаған. Бизнес-тренерлердің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы қала және ауыл тұрғындарының табыс алшақтығын қысқартып, бір деңгейге жеткізуге бағытталған.
«Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарына кооперативтер құруға және лизингке техника сатып алуға көмектесу. Тетігін қарастырса әрбір ауладан жиналатын бау-бақша өнімдерін қосымша табыс көзіне айналдыруға болады», – дейді бизнес-тренер Гүлсім Абдуллина.
КООПЕРАТИВКЕ БІРІГУ ТИІМДІ МЕ? Мобильдік топ аралаған Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Мамлют, Тимирязев, Шал ақын аудандарының тұрғындарын кооперативтер құру мәселесі ерекше қызықтырды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперация жұмысының басты қағидаты: кооператив мүшелері болып табылатын ауыл тұрғындарының тауарларды көтерме бағамен немесе өзіндік құнына сатып алуға құқығы бар. Бизнес-тренерлер ауыл тұрғындарына кооперативтердің арқасында мал азығы мен тыңайтқыштарды төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігі туралы егжей-тегжейлі баяндады.
«Кооператив құру үшін адам саны 5-тен кем болмауы керек. Мәселен, сіз сиыр сүтін жергілікті кәсіпкерге 50 теңгеден тапсырасыз делік. Ол оны 140 теңгеден сатып, бір литрден 90 теңге пайда қалтасына түседі. Ал кооператив құрсаңыздар, өз шығындарыңыз бен кірістеріңізді өздеріңіз басқаратын боласыздар. Тапқан табыс кооперативке қатысушылар арасында тең бөлінеді», – деп түсіндірді бизнес-тренер Аслан Салауатов.
Кооперативтің барлық қаржылық кіріс-шығысы ашық болады. Оған қоса, мемлекет кооператив тапқан қаржыға мемлекет субсидия ұсынады. Мұндай құрылымды басқаратын төраға жалпы дауыс беру арқылы 2-3 жыл мерзімге сайланады. Бизнес-тренер Дмитрий Шледевиц кез келген көмек Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация және Аграрлық несие корпорациясы сияқты бағдарлама операторлары арқылы беріледі. Бір сөзбен айтқанда, жоба арқылы әрбір ауыл тұрғыны өз ісін ашу мүмкіндігіне ие болады. Бұл орайда, оларға жоба аясында ауылдық округ әкімі мен «AMANAT» партиясының жергілікті филиалы көмектесуге дайын. НЕСІБЕСІ МОЛ НЕСИЕ Айыртау ауданына қарасты Имантау ауылының тұрғыны Балқия Тұрлыбекова 2,5 пайыздық жеңілдікпен берілетін несие халыққа өз кәсібін ашып, жүргізу үшін тамаша мүмкіндік деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай қарызды төлеу де оңай, өйткені коммерциялық банктерде артық төлем шамамен алған несиенің 50 пайызын құрайды.
«Күйеуім екеуміз жаңа техника, атап айтқанда, трактор сатып алу үшін қаржылай қолдау қорынан несие алдық. Бірақ оның жылдық өсімақысы 6 пайыз болды. Соған қарамастан, біз мұндай қымбат несиені төлеп шықтық. Ал 2,5 пайыздық көрсеткіш өте төмен, тіпті бүгінгідей инфляция жағдайында су тегін қарыз алумен тең. Бұл жоба кейбір адамдарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ынталандырады», – дейді Балқия Тұрлыбекова.
Жоба арқылы ауыл тұрғындары өз кәсібін дамыту мақсатына 7 жылға дейінгі мерзімге несие ресімдей алады. Қарыз сомасы 2500 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.
«Бұл ретте оларға несие төлемін кейінге шегеруге мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, егер ауыл тұрғыны 6 жылға несие алса, онда ол негізгі қарыз бойынша төлемді 2 жылдан кейін ғана төлей бастайды. Бұл жеңілдік өз ісін бастаған адамдардың өз айналымын жақсартуы үшін жасалады. Мұндай қолдау ауыл шаруашылығына ғана емес, бизнестің кез келген саласын дамытуға беріледі», – деп түсіндірді жоба сарапшысы Аслан Салауатов. Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылының тұрғыны Антонина Сабурцева да «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы ағайынның табысын арттыруға септігін тигізеді деп есептейді. «Ауыл аманаты» жобасының болашағы зор. Жерлестеріме оның пайдасы тиеді деген үміттемін. Мәселен, бастапқы жарнасы жоқ адамдар төмен пайызбен несие алып, өз ісін аша алады. Бау-бақша баптап, мал өсіріп, халыққа қызмет көрсетіп, сауда-саттықпен айналысып, пайдаға кенелуге мүмкіндік мол. Жұмыс істеп, табыс тапқысы келген адам осы бағдарламаны пайдаланып қалуға тырысады», – деген ойын білдірді ауыл тұрғыны.
Мобильдік топпен жүздескен ауылдықтардың барлығы дерлік 2,5 пайыздық несиенің артықшылығына тоқталды. Бұл – «Бастау» бағдарламасы бойынша берілетін 6 пайыздық және көпбалалы отбасыларға берілетін 4 пайыздық несиеге қарағанда әлдеқайда тиімді екені айтылып жатыр. Мәселен, Есіл ауданы, Явленка ауылының тұрғыны Василий Голованов «Ауыл аманаты» жобасының артықшылықтарын пайдаланып бизнес бастауға ниет етіп отыр. Ол болашақта ағаш өңдеу өндірісін дамытқысы келеді. Қазір ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие рәсімдеуді ойластыруда.
«Өз қаражатыма арнайы ара сатып алған едім. Біз кез келген материалмен жұ мыс жасаймыз. Өнімімізге сұраныс бар. Халық үшін бұл қажетті материал. Күптеген тұрғындар үй, қора-қопсы, монша салады. Енді біреулер үйлерін жаңартады. Бөлме қосады, кейбіреулері санитарлық тораптар өткізеді. Шаруашылықта ағаш – ең қажетті материал», – дейді Василий Голованов.
Алдағы уақытта ауыл тұрғыны өнім көлемі мен сапасын арттыру үшін қосымша станок сатып алып, қосымша жұмыс орындарын ашқысы келеді. Бірақ ол үшін қаражат қажет. Василий «Бастау» бағдарламасы бойынша несие алмақшы болған екен, бірақ жолы болмапты.
«Мен бірде-бір әлеуметтік санатқа жатпаймын. Сол үшін жеңілдікпен несие беретін бағдарламаның шарапатын көре алмадым. Ал біздің іске жаңа станоктар, трансформаторлар қажет. «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндігін пайдаланып қалғым келеді. Сондай-ақ біреумен бірлесіп кооператив құруға да болады. Мәселен, біреу ағаш жеткізіп берсе, біз оны қайта өңдейміз. Жоспар көп», – деп атап өтті ол.
МӘСЕЛЕЛЕРГЕ МӘН БЕРІЛСЕ... Чкалово ауылының тұрғыны Жанат Ержанов «Ауыл аманаты» жобасы жергілікті өндірушілердің бірқатар мәселелерін оңтайлы шешуге көмектеседі деген пікірде. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Полудино ауылының тұрғыны Светлана Соколан жобаны жүзеге асыру үшін бірқатар мәселелердің шешілгенін қалайды. Әсіресе мал азығының бағасын арзандатуға көңіл бөлгені жөн.
«Мен мал ұстап, сиыр сауып, сүт сатамын. Бірақ ұсынылған баға оған сай емес, себебі жем қымбат. Сиыр сүтінен 200 мың теңге пайда тапсақ, жемшөп сатып алуға 400 мың теңге шығындаймыз. Әрине, ауылдастар кооператив құруды қолдайды. Бұл ретте жем бағасына қатысты қиындық туындамас еді», – дейді Светлана Соколан.
Бағдарламаның мән-жайы туралы білмекке Зарослое ауылынан Бәйтерекке арнайы келген Назарбай Қалиев те осындай пікірде. Оның ойынша, ауылдастар бір кооперативке біріксе, көптеген мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табуға болады. Жоба сарапшыларының айтуынша, кооператив ауылдықтарға жемшөппен қамтамасыз етуге және өз өнімін сатуға қолғабыс жасайды, әрі қызмет ақысы олар үшін арзанға түседі. «Ауыл аманаты» жобасы аясында мобильді топ Солтүстік Қазақстан облысының 22 елді мекенін аралап, 700-ден астам адаммен кездесті. Ауыл тұрғындары мұндай жобаның елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететінін алға тартады.

Солтүстік Қазақстан облысы