Қазпоштаның барлық қызметі үш күнге тоқтатылады
Қазпоштаның барлық қызметі үш күнге тоқтатылады
"Қазпошта" АҚ-ның барлық қызметі үш күнге тоқтатылады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланды. Мекемеде жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіледі.
"Нұр-Сұлтан уақытымен 2022 жылдың 28 тамызында сағат 00.00-ден 2022 жылдың 31 тамызы сағат 08.00-ге дейінгі аралықта "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде, постаматтарда, терминалдарда, "Касса24" терминалдарында, post.kz, postbank.kz сайттарында пошталық және қаржылық қызметтердің барлық түрі жұмысын тоқтатады", – делінген ресми хабарламада.
Компания мамандары жексенбіге дейін барлық операцияны алдын ала жасауға кеңес берді.
"Бөлімшелерге бару, терминалдар мен онлайн қызметтер арқылы операциялар жүргізу, хаттарды, құжаттар мен сәлемдемелерді қабылдау/жіберу секілді "Қазпошта" АҚ қызметтерін алатын болсаңыз, алдын ала жоспарлаңыз. Туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – дейді компания өкілі.