Қызылорда қаласындағы ерлер жейдесін тігетін DALATEX тігін фабрикасы 2016 жылы ашылған. Бүгінде тігін фабрикасы отандық жеңіл өнеркәсіпке өлшеусіз үлесін қосып отыр. Бұл орайда кәсіпорынға жетекішілік ететін Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ділмұхамед Абызовтың іскерлігін ерекше атап өтуге болады. Іргелі тігін фабрикасының негізін салған Ділмұхамед Мінуарбекұлы қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысады.
Атап айтқанда, коронавирустық инфекция күшейген шақта фабрика 80 мыңға жуық бетперде тігіп, елге тегін үлестіргенін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Оған фабрика есебінен 15 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Сондай жарасымды істің жалғасы ретінде жуырда тігін фабрикасы жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында 400 оқушыға арнайы форма тігіп, тегін үлестірді. Кәсіпкердің мұндай шарапатын сезінген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ.
«Қазір еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Баланы мектепке даярлайық!» атты акция өтіп жатыр. Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты ретінде мен де осы іс-шараға атсалысқым келді. Сондықтан DALATEX тігін фабрикасында тігілген 100 мектеп формасын Шиелі ауданының мектептеріне, ал 400 форманы қала мектептеріне сыйға тарттым. Сонымен қоса, мектеп формасының бағасын тұрақтандыру және оны қолжетімді ету үшін әрқайсысы 7 мың теңге тұратын 600 мектеп формасы сатылымға шығарылды», – деді тігін фабрикасының директоры Ділмұхамед Абызов.
Қазір фабрика жапон технологиясымен жұмыс істейді. Қажетті шикізатты, құрал-жабдықтарды Қытай, Түркия елдерінен алдырады. Бүгінде фабрикада 45 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 100 мың теңгеден басталады. Өндірістік тәжірибеден өтуге ниет білдіретіндер бар.
Негізінен, фабрикадан тігілетін жейделер Қазақстанның барлық аумағына таралады. Сонымен қатар Ресейден де арнайы тапсырыс түсіп тұрады екен.
2018 жылы тігін фабрикасы «Қазақстанның үздік тауары» номинациясын жеңіп алған.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы