Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВ,
Алматы облысыныңмәслихат депутаты:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құрамыз дегеннен кейін референдум, құрылтай өткізді. Одан кейін «AMANAT» партиясы жанындағы жастар қанатының съезін өткізіп, ұйымның атын «Жастар Рухы» деп өзгертті. Съезде біз де тарихи сәтке куә болдық. Президентіміз съезде арнайы Үндеу жолдап, Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Тарих бетіне үңілсек, елдің қорғаны болған, әлемге өзгеріс енгізген жастар. Он үшінде Жоңғар қоңтайшысын сөзбен тоқтатқан Қазбек би, он бесінде Шарыштың басын алған Абылай, Алашорда құрамыз деп азаттық аңсаған Әлихан, Ахмет, Мұстафалар, жиырмасында Азия жастарын басқарған Ғани, 1986-да алаңға шыққан да жалындаған жастар еді. «Мен жастарға сенемін» деп ұран қалдырған Мағжан да жастарға зор үміт артты. Біздің елде солар артқан үмітті ақтай алатын жастар бар ма? Жастардың әртүрлі проблемасы бар. Әсіресе, ауылда қаншама танылмаған Димаштар мен жаттықпаған Бекзаттар бар. Бірақ мектепті бітіре сала бәрі қалаға қарай кетеді. Неге? Ауылда не жаттығатын зал жоқ, не үйрететін адам жоқ. Ауылға бөлінген жастар маманы әкімнің қолбаласы сияқты барып кел, шауып кел қызметіне кірісіп кетеді. Осының бәрін өз орнына қоятын уақыт жетті деп ойлаймын. Жастарға мүмкіндік беру оларға рух беруден басталады. Сондықтан партия жанындағы жастар қанатының атын өзгертуі еліміздегі жастар арасындағы проблемалардың шешілуіне де үлкен септігін тигізеді.