«Ұлы дала» этнофестивалі өтеді
«Ұлы дала» этнофестивалі өтеді
401
оқылды
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезі қар­саңында елордада ашық аспан астында бес күн бойы «Ұлы дала» этно­фестивалі өтеді. Шара Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен, қалалық Мәдениет басқармасына қарасты мәдени ұжымдардың қатысуымен өтеді. Съезге келген қонақтардың ішінде дін көшбасшыларынан бөлек теолог ғалымдар, мәдениеттанушылар, рухани қайраткерлер бар. Басты мақсат – ұлы даланың мәдени, музыкалық мұрасын насихаттау, дәріптеу. Бәйтеректің қос қапталына тігілген киіз үйлерге бас сұғушылар көп екені аңғарылады. Шетелдіктер де, жергілікті тұрғындар да, әсіресе қыран құс пен құмай тазыны көбірек тамашалап жүр.
«Бәйтеректің» екі қапталына киіз үйлер тіктік. Бір қанатта қазақтың зергерлік бұйымдары, қолөнер туындылары көрмеге қойылған. Соның ішінде ұлттық киімдеріміздің тігілу барысы көрсетіледі. Қыштан, темірден жасалатын бұйымдардың қалай істелетінін көруге болады. Екінші қапталдағы көрме негізінен қазақтың саятшылық өнеріне арналған. Қыран бүркіт, құмай тазы ұстаған саятшылар шетелдік қонақтардың назарын бірден аударуда. Одан бөлек, ұлттық тағамдар да ел назарына ұсынылады. Ал ортадағы үлкен сахнада бес күнде бес түрлі концерттік бағдарлама қойылады», – деді фестивальдың бас қоюшы режиссері Асхат Мемиров.

Асыл ТҰМАР