14-15 қыркүйек күндері елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық ауқымдағы шараға 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Айта кетейік, діндер съезі Қазақстан астанасында алғаш 2003 жылы ұйымдастырылған. Нақ сол кезде съездің қорытынды декларациясында оған қатысушылар әлем жұртшылығын аштықпен, ауру-сырқаумен, сауатсыздықпен, кедейшілікпен және азғындықпен күресуге шақырған болатын. Сондай-ақ адамның өмірі мен ар-ұятына деген құрметтің азайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген. Бұл мәселелер адамзат баласының ең басты құндылықтары ретінде әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әйтсе де өмірдің ағысына қарай алдымыздан жаңадан планеталық масштабтағы басқа да сын-қатерлер туындап жатыр. Елімізде осымен жетінші рет өткізіліп отырған әр съезде қатысушылар дүниенің төрт бұрышын түгел алаңдатып тұрған ең көкейтесті түйткілдерді көтереді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі жер шарындағы барлық соғыстар мен шиеленістерді тоқтату үшін үнсіз дұға жасаумен басталды. Ал съездің негізгі жұмысы 4 секция бойынша өтті. Біріншісі – «Діндердің қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі», екіншісі – «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі», үшіншісі – «Діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі», ал төртіншісі «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» деп аталады.
Ұлы далада ежелден көп конфессиялар шоғырланған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда съезд өткізуге қолдау көрсеткен мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға ризашылығын білдіре келіп, айтулы шараның мәні мен маңызына тоқталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды. Қазақстанның бұл форумды өткізуге бастамашылық етуі бекер емес. Себебі ғасырлар бойы қазақ жері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл сөзіне қазба жұмыстары кезінде Алматы облысындағы ортағасырлық Қойлық жұртынан табылған мұраны мысал етті. Зерттеу барысында XII-XIV ғасырларда бұл қалада ислам, христиан және будда діндерінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Мысалы, мұсылмандар Арыстан баптың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқада қасиетті жерлерге барып зиярат етеді. Таразда несториандық христиан ғибадатханасы болғаны белгілі. Алматыда православиялық діннің киелі орны Вознесенский кафедралдық соборы, Лева-Ицхак Шнеерсонның кесенесі бар. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель Хабад Любавич» Синагогасы елордада орын тепкен. Ал Солтүстік Қазақстан облысында Католик рухани орталығы орналасқан.
«Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, ашықтық пен толеранттылық рухын бойына сіңірген. Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр, 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін қызмет етеді. Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Елімізде және бүкіл әлемде диалогты нығайту – Қазақстан саясатының аса маңызды бөлігі. Бүгінгі съезд соның жарқын дәлелі. Бұған дейінгі форумдардың декларацияларында радикализм, күш көрсету мен кикілжіңдер қатаң сыналған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдік дін көшбасшылары түсіністікке үндейді
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб әлемде түрлі келеңсіздіктердің көбейгенін еске салды.
«Адамдар өзімшілдігінен табиғи, саяси және экономикалық апаттарды өз қолымен жасап алды. Бүгінде адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, сел жүру, өзен-сулардың тартылуы, кейбір тіршілік иелерінің қырылуы сияқты климаттық құбылыстардың қасіретін шегіп отыр. Бұл зауалдарды адамдар өздерінің теріс пиғылынан тауып алғанын ұмытпауымыз керек. Құранда мұндай құбылыстар мен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Қасиетті кітапта адамның жер бетіндегі істердің бәріне үстемдікпен килігуі туралы айтылған», – деді имам.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш съезге қатысушыларға айтар сөзін бейнеүндеу арқылы жолдады.
«Қазақстан Үкіметіне мемлекет қайраткерлері мен көрнекті дін көшбасшыларының қатысуымен өтетін осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біз дін қайраткерлері ар-ождан дауысы мен рухани беделін өзара құрмет, жанашырлық пен бірлікті көтермелеуге, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әртүрлілікті байлық ретінде тануға, бір-бірімен және болашақ ұрпақтармен ынтымақтасуға пайдаланады деп сенеміз. Осы қиын-қыстау кезеңдерде бізге бұрынғыдан да көп рух қажет», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Оның пікірінше, әлем шиеліністер мен қақтығыстарға, экологиялық дағдарыстарға, төтенше гуманитарлық жағдайларға, аштық пен кедейлікке ұрынған. Діни айырмашылықтарға негізделген жеккөрушілік пен кемсітушілік белең алған. Осыған орай, А.Гутерриш дін жетекшілерін өз қауымдастықтары арасында зорлық-зомбылыққа қарсы шығуды, ксенофобияға, нәсілшілдікке төзбеуді насихаттауға шақырды.
Өзінің сөйлеу кезегі келгенде Рим Папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай мен қара домбырасы туралы келелі ой қозғап, жұртшылықты тәнті етті.
«Кеше қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы көп мәлімет алдым. Бүгін бұл музыкалық аспапты осы жердің ұлы ақыны, композиторы – Абайдың үнімен байланыстырғым келеді. Ол өзінің соңынан діндарлықты сіңірген туындылар қалдырды. Абай жазғандай, өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Сондықтан жанды, сананы таза ұстау керек», – деп түйіндеді Рим Папасы.
Сондай-ақ Понтифик кедейлік пен теңсіздікке қатысты пікір білдіріп, қамқорлықсыз қалғандар мен мүмкіндігі жоқ адамдарға жақын болуға шақырды. Ол кедейліктің кесірінен туындап жатқан түрлі індеттер мен басқа да қасіреттерді мысалға келтірді.
«Қазіргі кездегі ең үлкен сын-қатері кедейлік болып тұр. Егер әлемде теңсіздік пен әділетсіздікке тосқауыл қойылмаса, онда COVID-тен де жаман вирустарды, яғни өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, терроризмді тоқтату мүмкін емес. Ал оны ауыздықтауда діндарлардың рөлі ерекше», – деді Франциск.
Ізгілікке сүйенген ортада әділдік орнайды
Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллдің Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Митрополит Волоколамский Антоний Мәскеу және Ресей патриархы Кирилл дін көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани және қоғамдық өміріндегі рөліне тоқталды. Ол адамзат баласының ең қиын заманды бастан кешіп жатқанын айта келіп, коронавирус індетінен туындаған азық-түліктік, энергетикалық және экономикалық мәселелерді мысалға келтірді. Мұның бәрінің түп-төркінін қоғамның адамгершілік құндылықтарына сүйенбеуімен және соңғы 20 жылда халықаралық қатынастарда әділет түсінігінің жоғалуымен байланыстырды. Оның ойынша, мұның бәрі әлемнің түкпір-түкпірінде қатал қақтығыстарға, соғыс шиеленістеріне, терроризм мен экстремизмнің таралуына әкеп соқтырған.
Елордада Тәуелсіздік сарайында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде жоғарыда аты аталған тұлғалардан басқа да көптеген дін өкілдері сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Оның қорытындысы бойынша декларация қабылданды. Декларацияның мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар барынша қамтылған. Сондай-ақ осы шара аясында EXPO халықаралық көрме орталығы аумағында Рим Папасы Франциск өткізген Месса рәсіміне 7 мыңнан астам адам қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жабылу рәсіміне қатысып, қатысушыларға алғысын білдірді. Президент кеш соңында съезді дамытудың 2023 жылдан 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.