«Байқаудың алдыңғы кезеңдеріне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының мұғалімдері қатысты. Бүгінгі күні олардың бір бөлігі кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтардағы мектептерде жұмыс істейді. Мектептерде білікті мұғалімдердің көбеюі сапаны арттыруға оң әсер етеді. Басқа өңірге бірге көшіп жатқан ерлі-зайыптылар мұғалімдер де бар», – дейді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.Алғашқы екі байқаудың қорытындысы бойынша 1,5 мыңнан астам педагогтен өтініш түскен. Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында өзекті. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет. Арнайы бағдарлама бойынша мұғалімдерді қолдау шараларының пакеті бар, атап айтқанда лауазымдық жалақының 250%-ы мөлшерінде еңбекақыны қамтамасыз ету, бұл сондай-ақ жалға алған пәтер және коммуналдық қызметтер төлемін өтеуді қамтиды. Конкурстан өткен мұғалімдермен еңбек шарты 5 жылға жасалады. Аталған 4 облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балаларына балабақша мен орта мектептерден орын беріледі. Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар педагогтер қатыса алады. Демек, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қайта даярлаудан өткендер, сондай-ақ «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар мамандар қатыса алады. Сондай-ақ, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес – гуманитарлық бағыт бойынша, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес – жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері, сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес магистратура түлектері қатыса алады. Конкурсқа құжат қабылдаудың бірінші кезеңі 16 маусымда басталды. Екінші байқау 11-21 шілде аралығында өтті. Ал, үшінші кезең 20 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.
Усманова Жұлдыз Абдихахарқызы, Алматы қаласы, №91 мектебінің мұғалімі.