Мемлекеттік кірістер комитеті банктің мобильді қосымшасы арқылы пайдаланушыларға мүлік және көлік салығын төлеу қажет деген жалған хабарлама жіберетін алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді.
Хабарламаның фейк екенін мына белгілерге қарап анықтауға болады: біріншіден, мәтінде хабарлама жіберуші қате көрсетіледі (мысалы «ҚР салықтары» АҚ»); екіншіден, мүлік салығын дұрыс төлеген кезде Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік кірістер басқармасы көрсетілуі керек, мүлік салығы – жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша, ал көлік салығы салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі; үшіншіден, салық төлеудің белгіленген мерзімі бар: көлік салығы бойынша 1 сәуірден кешіктірмей, мүлік салығы бойынша 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет. Тиісінше, хабарламалар осы мерзімге дейін әрбір салық бойынша жіберіледі.
«Есептелген салық сомасын kgd.gov.kz сайтында және E-salyq Azamat мобильді қосымшасында, сондай-ақ Homebank және Kaspi.kz мобильді қосымшаларынан білуге болады. Салық органының барлық есептеуі және төленген салық сомалары салық төлеушінің дербес шотында көрсетіледі. Осыған байланысты анықтамалық ақпарат алу үшін жеке тұлғалар Бірыңғай байланыс орталығының 1414 тегін телефон нөмірі бойынша жүгіне алады», – дейді МКК.