Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Бангкоктағы ең үздік білім ордаларының бірі THAI CHRISTIAN SCHOOL делегациясын қарсы алды. Таиланд делегациясы Қазақстанға халықаралық білім беру кеңістігінде танылған NIS-Programme-ның ерекшеліктерімен танысып, сондай-ақ серіктестік байланыстарды кеңейту мақсатында келді.
Мектеп директоры Гүлмира Мункеева шетелдік әріптестерін NIS жүйесімен таныстырып, оның қазақстандық және әлемдік білім беру жүйелерінің үздік дәстүрлерін біріктіретін инновациялық модель ретіндегі маңызын атап өтті:
– Зияткерлік мектептерді құру көптеген жаңа дүниелерді қалыптастыруды көздеді: құндылықтар, білім берудің құрылымы мен мазмұны, оқыту әдістері, оқу жетістіктерін бағалау принциптері және білім беру ортасы.
Таиландтық әріптестер жаратылыстану-математикалық бағыттағы сабақтарға қатысты. Шетелдік педагогтер оқушылардың ағылшын тілін еркін меңгергенін, сабақты құру ерекшеліктерін және мұғалімдердің кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.
Кампус-турдан кейін мектептің көпсалалы DreamTeam клубының мүшелері «Нұр сазы» халық аспаптар оркестрінің, вокалдық топтың және би ансамблінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Таиланд делегациясын Құрманғазының «Балбырауын» күйі, сондай-ақ 7-сынып оқушысы Ұлас Амантайдың орындауындағы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні таңғалдырды.
– Зияткерлік мектепте білім беру үрдісінің адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастырумен табысты ұштасқанын атап өткен жөн. Бұл – артықшылықтарының бірі. Мұнда оқушылардың жеке тұлғасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Біз одан әрі ынтымақтастыққа, серіктестік құрып, нығайтуға сенім білдіреміз, – деп мойындады Таиланд мектебінің директоры Ms. Warriors.