Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға үдере көшуіне қатысты пікір білдірді
Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға үдере көшуіне қатысты пікір білдірді
Фото: kazpravda.kz
2,169
оқылды
Ресей президенті Владимир Путин кеше Ресей Федерациясында ішінара мобилизация жариялады. Осыдан кейін ресейліктер жанталасып Қазақстанға келіп жатыр, – деп жазады Aikyn.kz.   Inform.kz-тің жазуынша, Сенаттың жалпы отырысынан кейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуына қатысты пікірін айтты.
«Ресейліктердің елімізге сапарын шектеуге тиісті емеспіз, яғни олар бізге жұмыс сапарымен, туыстарына немесе туризм мақсатында келеді. Сонымен қатар  Қазақстан азаматтары да Ресейге емін-еркін бара алады. Бұл өзара процесс болғандықтан, оны шектей алмаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол елімізде тұрақты тұруын растайтын құжатты беру басқа мәселе екенін айтты. Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат ететін құжат елімізде қандай да бір мүмкіндіктер береді. Осы орайда Қазақстанда бұл құжатты алу үшін кез келген басқа елдің азаматы өз мемлекетінен рұқсат алуы керек. Бұл талап еліміздің заңнамасында нақты белгіленген. Яғни, шетел азаматы өз елінен кететіні туралы арнайы парақша мен басқа да құжаттарды ұсынуы тиіс. «Ал саяси баспананы беру, босқын деп тану мен босқын мәртебесін беру – ол   басқа мәселе. Бұл жағдай халықаралық шарттармен, БҰҰ желісі бойынша мақұлданған тиісті құжаттармен реттеледі. Қазір бұл тұрғыда мәселе көтеріліп жатқан жоқ», – деді Сенат Төрағасы.