«Жалдамалы әрі маусымдық жұмыс істейтін тұрғындар да МӘМС жүйесін пайдалана алады. Оның 2 түрлі бағыты бар. Алғашқысы – жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Ал қаржысы жетсе, белгілеген сомадағы жарнаны төлеуі тиіс. Егер алдын ала 3 айлық жарна төлесе, ол азамат сақтандыру жүйесіне қатысуға толықтай құқылы», – деді филиал басшысы Асхат Асанұлы.А.Бейсенбаев қабылдау барысында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ жандарға көрсетілетін медициналық көмек жөнінде де баяндады. Оның айтуынша, елімізде тұрғылықты мекенжайы рәсімделген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Оған жедел медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, күндізгі және тәулік бойғы стационар, оңалту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету енеді. Егер шетелдік еңбек мигранты немесе еңбек мигрантының отбасы мүшесі ЕАЭО елдерінің (Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Армения) азаматы болса, МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер қарастырылады. Сондай-ақ тұрғындар медициналық сақтандырудағы жарна төлемдері үшін қарастырылатын жеңілдіктер туралы ақпараттарға қанық болды. Заңға сәйкес, мемлекет азаматтардың белгіленген 15 санаты үшін жарна төлейді. Олардың қатарына балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитындар, көпбалалы аналар, қандастар, мүгедек азаматты асыраушы жандар және 3 жасқа дейінгі бала күтіміндегі аналар енгізілген. Ал жекелей сақтандыру төлемін жасау оңтайландырылған. Екінші деңгейлі банктер және олардың мобильді қосымшалары арқылы немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жүгіне отырып, төлем жасауға болады.
А.ТҰМАР