Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысында биылғы 8 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі 534 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 125 миллиард теңгеге өскен.
Облыста жалпы құны 12,7 миллиард теңге болатын 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығы саласында 477 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 4 пайызға артты.
Түркістан аумағында бірқатар су нысанына жөндеу жұмысы жүргізілді. Жоспардағы шаралар іске асырылғаннан кейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 триллион теңгеге жетті.
Сондай-ақ жыл басынан бері 486 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін жалпы 85 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі бюджет есебінен 59 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілетінін баяндады. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар 13 мектепті пайдалануға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеу мәселесін күшейтуді тапсырды.