"58 ЖОО оқытушысы жалған дипломмен жұмыс істеп жүр": Ғылым және жоғары білім министрі пікір білдірді
"58 ЖОО оқытушысы жалған дипломмен жұмыс істеп жүр": Ғылым және жоғары білім министрі пікір білдірді
Фото: facebook.com/sayasat
4,671
оқылды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек философия докторы PhD дәрежесін сатып алған 58 оқытушыға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Halyq Uni. 58 PhD дипломы мәселесіне тоқталайын. Біздің негізгі мақсатымыз – жоғары білім және ғылым саласын (жалған дипломнан – автор) тазарту және сапасын көтеру. Бұл деректі министрлікке қарасты Сапаны қамтамасыз ету комитеті анықтады. Біз мәліметті тиісті органдарға жібердік. "Жазаға тарту, кім кінәлі, бұл оқиға қалай болды?" – деген  сұрақтар тергеу барысында анықталады. Сондықтан тергеу нәтижесін күтейік, – деді Саясат Нұрбек ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Министр жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген оқытушыларды анықтау және саланы тазарту маңызды екенін атап өтті.
"Менің және министрліктің бұл мәселеге қатысты ұстанымы – тазарту. Неге? Себебі  білім мен ғылым саласы тазармай, бүкіл экономикамыз және басқа салалар да дамымайды. Оған мен кәміл сенемін", – деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.
Еске салайық, осыған дейін журналист Михаил Козачков Telegram арнасында философия докторы PhD дәрежесін оқымай алған 58 оқытушының тізімін жариялаған еді. Бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі түсінік берген еді.
"Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 58 PhD докторы дипломын беруде заңбұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, дипломдар ведомствоға кері қайтарылды. Министрдің тапсырмасымен барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Бүгінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.