Жаһандық ұйым жарылқайды
Жаһандық ұйым жарылқайды
637
оқылды
Өз шаруашылығында энер­гия үнемдеп, жаңартыл­ған энергия көздерін пайда­лана­тын қазақстандық фер­мер­лер БҰҰ Даму бағдарлама­сы аясын­да қаржылай қолдау алу мүмкіндігіне ие. Атап айт­қанда, жаһандық ұйым «Жасыл» жобаларды жандан­дырған кә­сіп­кер­­лердің алған несиесінің 25-40 пайызын субсидиялайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында БҰҰ Даму бағдарламасының қолдау шаралары туралы айтылды. Онлайн-семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен фермерлер қатысты.
 «Энергия бағасының өсуін, энергия үнемдеудің маңыздылы­ғын ескере отырып, бұл бағыттың перспективасы жоғары деп санаймыз. Тұтастай алғанда, біздің табиғатымыздың биоалуантүрлілігін сақтау маңызды. Сол себепті мұндай бастамаларды қолдаймыз», – деді кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Қаржылай қолдау бағдарламаларының мүмкіндігін жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар және шаруа қожалықтары пайдалана алады. Негізгі үш жоба аясында үш бірдей қаржылай қолдау бағдарламасы бар.
«Екінші бағыт – Көміртекті дамуы төмен тұрақты қалалар. Бұл энергияны үнемдейтін кәсіпкерліктерге бағытталған. Мысалы, жа­рықты алмастыру, ғимаратты жы­лы­ту, автоматтандырылған жылу пункттерін орнатуда ЖЭК пайдаланатын шаруалар ала алады. Үшіншісі, бұл да энергияны үнемдеуге бағытталған, тек субсидия ұсынуда айырмашылығы бар», – деп түсіндірді Ерлан Дайырбеков.
Қорыта айтсақ, шаруа екінші деңгейлі банктен ЖЭК пайдаланатын кәсібі үшін несие алады. Содан кейін БҰҰ Даму бағдарламасының субсидиясын пайдалану үшін оны «Даму» қорына ұсынады.