Астанада пәтер алаяғы ұсталды. 23 жастағы ер адам 6 адамды алдап үлгерген.
Тергеу барысында ер адам сайттардың біріне пәтер жалдау туралы хабарландыру салғаны анықталды. Арзан бағаны көрген жәбірленушілер хабарландыру бойынша қоңырау шалған. Телефонмен сөйлескенде ер адам алдын ала төлем жасау керек деп шарт қойған. Күдікті ақшаны алғаннан кейін бірден хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырған. Осылайша, 6 адам алаяқтың айласына түсіп, оған 30 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ақша аударған.
Ер адам бұрын риелтор болып жұмыс істегені белгілі болды. Дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, өзге де жәбірленушілер анықталып жатыр.