Елордада жел электр стансасының жұмысы басталады. Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, жел электр стансасы шетелдік жеке қаражат есебінен салынады. Қазір әкімдік Италияның ENI мұнай-газ компаниясымен (ArmWind ЖШС), Энергетика министрлігі өкілдерімен бұл мәселені бірлесе пысықтап жатыр.
Жел электр стансасының қуаты бірінші кезеңде 50 МВт болады. Одан кейін 100 МВт-тан аса ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы бұл жоба электр энергиясының қосымша маңызды көлемін құруға мүмкіндік береді екен. Осы арқылы құрылысы жүріп жатқан болашақ аудандар электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта тартылатын шетелдік жеке инвестициялар сомасы 50 млрд теңгеге жуықтайды. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
«Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия көздері секторын кеңейтудің және еліміздің электр энергетикасы саласын дамытудың ерекше маңыздылығына тоқталып өтті. Себебі қазір энергетика ел экономикасында негізгі рөл атқарады», – дейді шаһар басшысы. Өйткені Президент еліміздегі «жасыл» технологиялардың үлесі 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін артуы тиіс екенін ерекше міндеттеген болатын.