Елімізде келер жылдан бастап жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім негізінде 4 күндік жұмыс аптасына көшуге рұқсат берілуі мүмкін.
«Мұндай арнайы икемді жұмыс режиміне көшуге тыйым салынбайды. Бұл тұста еңбекақы нормативін қамтамасыз ету керек, яғни ол ең төменгі жалақыдан төмен болмауы қажет. Екінші жағынан, жалақы төмендемеуі үшін сағат нормативі де қарастырылуы керек. Сондықтан бұл – адамдарға ыңғайлы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін икемді әдістердің бірі. Қазір платформалық жұмыспен қамту осы мәселе бойынша жарқын мысал бола алады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Бүгінгі таңда мұндай тәжірибе жиі кездеседі. Тіпті, пандемия кезінде жұмыстың ерекшелігіне байланысты төрт күндік, бес күндік, алты күндік жұмыс апталары болған болатын. Сондықтан да бұл жүйеге көшу әр ұжымның өз ішінде шешілуі ықтимал.