Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Бұл туралы БОРТ N1 Telegram арнасы хабарлады. Елмен кездесуінде Мемлекет басшысы халықаралық геосаяси ахуалға да тоқталды.
«Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті.
Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді.
Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек.
Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді.
Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Мұның бәрі бекер емес.
Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек.
Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады.
Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым.
Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз.
Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек», – деді Президент.
Бұған дейін Үкімет басшысы «Қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар бар» деген еді.