Өскеменде Оралхан Бөкейдің туған күніне орай «Ауыл хикаялары» атты республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды.
О.Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада қазақтың классик жазушысының туған күніне орай тұңғыш рет республикалық әдеби байқау өтті. Оның ұйымдастырылуына осы кітапхана, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстың филиалы мұрындық болған.
Байқауға Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Павлодар облыстарынан жас қаламгерлер қатысты. Барлығы 30-дан астам шығарма келіп түсті. Әділқазылар құрамында Оралхан Бөкейдің жан досы, рухани сырласы Әлібек Асқаров, жазушы Асқар Алтай, ақын Әлібек Қаңтарбай болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша «Аран» әңгімесімен Қуат Қиықбай (Абай облысы) – 1 орын, «Аққұмдағы хикая» шығармасымен Бақыт Жалиева (Ақтөбе облысы) – 2 орын, «Үкілеген үміт» әңгімесімен Ақиқат Сәрсембаев (Өскемен қаласы) 3-орын алды.
Оралхан Бөкейдің туған күніне орай өткен шаралар легі бүгін ЖМК ықшам ауданындағы Оралхан ескерткішінен басталды. Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, «Алтайдың Кербұғысын» еске алды. Кейін олар Өскемендегі О.Бөкей атындағы №44 мектепке барып, қаламгердің музейімен танысты.