Елордаға келген Эстония делегациясы қаладағы бірқатар білім беру ұйымына бас сұқты. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің білім беру қызметкерлері мен мұғалімдерінің VІІ съезі шеңберінде елге келген шетелдіктер қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Сапардың мақсаты – делегация қатысушыларын барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының қызметімен таныстыруға бағытталған. Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, практикалық тәжірибе алмасуға септігін тигізеді.
Делегация мүшелері 29-30 қыркүйек аралығында елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, №2 өнер мектебі, №85 мектеп-лицейі, сондай-ақ Bilim Park қосымша білім беру орталығында болды. Бұдан кейін олар «Балалар мен чемпиондар» жобасымен танысты. Эстония елінен келген білім саласы мамандарына жоба аясында қолға алынған шаралар тәнті етіпті. Мәселен, алғашқы күні спорт шеберлері, оның ішінде бокстан әлем чемпионы, олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Болат Жұмаділов, шахматтан әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек, көркем гимнастика бойынша Қазақстан чемпионы Айбота Ертайқызы балаларға арнап өздерінің шеберлік сабақтарын өткізді.
Екінші күні шетелдік делегация мүшелері елордадағы бірнеше мекемені аралап қайтты. Соның ішінде қонақтар «АРҚА ALAN» ұлттық спорт түрін дамыту орталығы, №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, құзыреттілік орталығы, Art TUMAR сәндік қолданбалы шығармашылық орталығы, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы, Art is Forever балалар көркемсурет мектебінің мектеп-мұражайы, №1 Балалар музыка мектебі базасында болды. Екі күн бойы қосымша білім беру, инклюзивті білім беру заманауи үрдістерімен, сондай-ақ орта білім берудің жаңа үлгілерімен танысу мүмкіндігіне ие болған эстониялықтар ерекше әсер алғандарын жеткізді. Олардың айтуларынша, ТМД-на қатысушы мемлекеттердің білім беру саласының қызметкерлері мен мұғалімдерінің кездесуі қарым-қатынас орнату үшін бірегей алаңға айналып, кәсіби байланыстар желісін кеңейтуге септігін тигізеді. Одан бөлек, болашақ бірлескен жобалар әзірлеуде серіктес табуға тамаша мүмкіндік.