Қарағандыда ойыншық тапаншамен қорқытып, ойын клубынан 4 миллионға жуық ақша үптеп кеткен күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Polisia.kz сайтының айтуынша, 30 қыркүйекте сағат 12.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына қаладағы ойын клубтарының бірінде қарақшылық шабуыл болғандығы туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Полицияға клубтың қызметкері осы мекемеде үнемі ойын ойнап жүретін клиенттің бірі өзін тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ақша талап еткенін түсіндірді.
Осыдан кейін кассадағы 3,9 млн теңгені иемденген күдікті дереу оқиға орнынан ізін суытқан. Куәгерлердің айтуымен оқиғаға қатысы бар 34 жастағы күдікті азаматтың аты-жөні анықталды. Ол тәртіп сақшыларының қолына түскенде ойын кезінде қомақты қаржысынан ұтылып қалғанын, соның орнын толтыру үшін қылмысқа барғанын мойындаған. Сөйтіп, арам пиғылын іске асыру үшін ойыншық тапанша сатып алған. Күдіктіден айғақ зат тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабына (Қарақшылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.