Текті түркінің тұғырлы додасы
Текті түркінің тұғырлы додасы
425
оқылды
Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарын насихаттап, түркі елдері арасындағы бірлік пен ынтымақты арттыруға бағытталған дәстүрлі доданың даңқы жыл сайын әлем елдеріне жайылып келеді. Әлемнің көшпелі халық­тарының ұлттық спорт түрлерін сақтап қалу мен халықаралық деңгейге шығаруды мақсат тұт­қан ойынға түркі тектес елдердің басшылары қатысып, жарыс жолына сәттілік тіледі. Дүбірлі доданың ресми ашылуына Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсыр­масымен Қазақстан делегация­сын Мәжіліс Спикері Ерлан Қо­шанов бастап барып, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік орган, қоғам өкілдері қатысты. Жарыс басталмас бұрын жас спортшыларымыз жігерлендіріп, рухын көтеру мақсатында Қазақ­стан делегациясы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаевтың жылы лебізін жеткізді. Мәжіліс Спикері Ерлан Қоша­нов Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас елдердің мәдени байланыстарын күшей­тіп, түркі әлемінің ортақ құн­дылықтарын әлемге паш етуде маңызы зор екенін атап өтті. Қатысушы елдердің арасында мәдени байланыстарды нығайту арқылы әлемнің көшпелі халық­тарының мәдениетін сақтау және қайта жаңғыртуды мақсат еткен салтанатты іс-шараның ресми ашылуында 3D-гра­фи­ка­сын қолдана отырып, театрлан­дырылған қойылымға мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз бен спортшылар қа­тысты. Олар шабандоздық тә­сілдері мен отты шоу көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Қазақ­стан құрамасынан бөлек, қазақ­стандық өнер саласының өкіл­дері де алаңда аянбай күш салып, салтанатты іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне септесті. Көшпенділер ойындарынан әлемнің 102 елінен 3 мыңнан ас­там спортшы бақ сынады. Ал Қазақстанның атынан 50 спорт­шы сайыстың бес түрінен елі­міздің абыройын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді. Спортшы­ларымыз көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі ойынына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте көкпар додасы Көш­пенділер ойындарының бағдар­ламасына тұңғыш еніп отырға­нын айта кеткен жөн. Бұл спорт түрінен құрама командамыз ал­тынды иеленді. Финалда отан­дастарымыз Қырғызстан коман­дасын 4:3 есебімен жеңді. Ақтық сынға дейін жету жолында қа­зақстандықтар Өзбекстан мен Моңғолия спортшыларын 8:1 және 12:2 есебімен ойсырата жеңген болатын. Жалпы, IV Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарында қа­зақ спортшылары 9 медаль жеңіп ал­ды, оның ішінде 3 алтын, 4 кү­міс және 2 қола бар. Қазақ кү­ресінен құрамамыздың қоржыны 6 медальмен толықты: Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. Сон­дай-ақ, 65 келіге дейінгі са­нат­тағы алтынды Зарина Сари­пова жеңіп алды. Еламан Қой­шыбаев (80кг) пен Рауза Нұр­мұхамме­то­ва (55 кг) – күміс, ал «Қа­зақ­стан барысы» Мақсат Иса­ға­бы­лов (+80 кг) пен Мөлдір Азамат (+65 кг) қола жүлдегер атанды. Ал Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көр­сетті. Онда 32 елден 95 спортшы бақ сынады. Қасымхан өзінің бас­ты қарсыласы Оғыз Окшадан 2 ұпай айырмашылығымен же­ңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Көкбөріге Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Түркия командалары қа­тысты. Түркия командасы өз қа­лауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қа­зақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақ­тық сында Қазақстан – Қыр­ғызстан командаларының ойы­ны 0-5 есебімен аяқталып, спорт­шыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді. «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын» өткізуге Қырғыз Республикасы бастамашы бо­лып, алғаш рет дода 2014 жылы 9-14 қыркүйекте Ыстықкөл об­лысының Шолпан-Ата қала­сында өткен болатын. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Дү­ниежүзілік көшпенділер ойын­дарының келесі ойынын Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қа­зақстанда өткізу жөніндегі ұсы­нысын айтып, түркі қоғам­дас­тығы оны қолдайтынына сенім білдірді. Бұдан соң Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлу еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ойынның сим­волын табыстап, келесі V Дү­ние­жүзілік көшпенділер ойыны 2024 жылы Қазақстанда сәтті өтуі үшін тілегін айтты.

Ғалымжан ЕЛЕУОВ, Мәжіліс депутаты