Жалға баспана беретін қор құрылуы мүмкін
Жалға баспана беретін қор құрылуы мүмкін
373
оқылды
Қазақстанда жалға баспана беретін жылжымайтын мүлік қорларын құру ұсынылды. Бұл компаниялардың акцияларын алғандарға дивиденд түрінде төлем аударылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Қайырбек Өскенбаев жеке сектордағы жалға берілетін баспана нарығы тиісті түрде реттелмей жатқанына тоқталды.
«Бұл қызметті әкімшілік ресурспен реттеуге қар­сымын. Осы орайда ұсыныс даярлап жатырмыз. Яғни жалға берілетін баспананың жеке нарығын құрып, бұл салаға инвестиция тартып, жалға беруден тұрақ­ты табыс алу жоспарланған. Бұл тұрғыда бизнеспен айналыспайтын мемлекеттік қызметшілер, зейнет­керлер, дәрігерлер, педагогтер аталған компанияның акциясын сатып алу құқығына ие болатыны ұсынылады. Осы кәсіпорын жылжымайтын мүлікке қаражат салып, баспананы жалға беруден төлем алып, ай сайын немесе әр тоқсанда адамдардың табысын қамтамасыз етуі тиіс», – деді ол.
Айтуынша, адамдар осындай компанияларға ақша салса, бұл қаражат жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде бағытталады. Баспана жалға берілетін жеке қорға қаражат салғандар тиісті сомада табыс алып тұрады.
«Саладағы мәселені осындай экономикалық жолмен шешкіміз келеді. Тиісті өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Жеке жалға берілетін баспана қорларын құру туралы идея бар. Дәл қазір біз ойлағандай жүзеге асады деп айту ертерек, себебі бұл идеяны әріптес­теріміз қолдамауы мүмкін. Жоба аясында норма­тивтік-құқықтық құжаттар даярлануда. Бұл ұсыныс­тар Мәжілістің қарауына енгізілуі керек», – деді ведом­ство басшысы.