Artsport жобасы аясында балалар мен жасөспірімдер айналысатын спорт түрлері 71-ден 64-ке азайтылды.
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжановтың айтуынша, спорт саласы бойынша жан басына шаққандағы тапсырыстарға өзгеріс енгізілді. Қысқартылған спорт түрлерінің қатарында пауэрлифтинг, армлифтинг және ауыр атлетика бар.
«Бұларды қысқарту пысықталып, талқыланды. Қолданбалы күш спорт түрлері болғандықтан білікті жаттықтырушы, нақты жоспары мен оқу-үйрету методикасы қажет. Осы жайттарды ескере келе, спорт түрлері азайтылды», – деді ол.
Сондай-ақ алдағы уақытта қабылданатын баланың жасына да мән берілмек.
«Қолданыстағы №42 бұйрық қайта сәйкестендірілді. Онда спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшелігі туралы айтылған. Бұрын 5 жастан болса, енді бала әр спорттың өз талабы мен ережесіне қарай қабылданады», – деді министрлік өкілі.